Сәтбаев университетінде Technopark Stroytech ашылды
Іс-шара барысында ғалымдар мен қызметкерлерге мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды.
Алматы, Ғылым апталығы – Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Сәтбаев университетінде жаңа ғылыми зертханалар мен Technopark Stroytech орталығы таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа ғылыми инфрақұрылым университеттің қолданбалы зерттеулер бағытын күшейтіп, өндіріс пен ғылым арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Ашылу рәсіміне ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.
Университетте өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, медицина, экология және құрылыс салалары бойынша зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа зертханалар іске қосылды.
Соның ішінде Гидрогеохимиялық зерттеулер зертханасы жерасты суларының сапасын зерттеп, экологиялық тәуекелдерді бағалауға бағытталған. Мұнда «Көкжиде» жобасы аясында су ресурстары бойынша ғылыми база қалыптастырылуда.
Ал Молекулалық биотехнология және масс-спектрометрия зертханасы биотехнология, медицина және аграрлық ғылым салаларында заманауи зерттеулер жүргізуге жол ашады.
Ерекше жоба ретінде таныстырылған TECHNOPARK STROYTECH ғылым, бизнес және өндіріс арасындағы байланысты қамтамасыз ететін халықаралық технологиялар трансферті орталығы болып отыр. Ол инновациялық жобаларды идеядан коммерцияландыруға дейін сүйемелдейді.
Министр Саясат Нұрбек ғылымды коммерцияландыру мен жеке инвестиция тартудың маңызын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижелер беріп жатқанын айтты.
Іс-шара барысында ғалымдар мен қызметкерлерге мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды.
Айта кетейік, қазақстандық ғалымдар кәсіби мерекесін жыл сайын 12 сәуірде – академик Қаныш Сәтбаевтың туған күнінде атап өтеді.