Сатаев: "Қазақфильмге" өз фильмдерін түсіру үшін қаражат жетпейді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ президенті Ақан Сатаев Мәдениет және спорт министрлігінің алқалы отырысында хабарлады.
Өкінішке қарай, бүгінде киностудия жалпыстудиялық аударым деп аталатын картина өндірісінен табыс көріп отыр. Олай болмауы керек. Себебі киностудия деген өз картиналарының сатылымынан пайда тауып, экспорттың сатылымы мен ауқымын кеңейту есебінен тұтынушыларға бағытталған фильмдер түсіріп, жаңа жобаларды іске қосу арқылы айналымдық үлесті жинауы тиіс. Осы орайда студия қажетті техника мен жабдықты жалға беруі тиістігі сөзсіз, - деп атап өтті "Қазақфильм" басшысы.
Сонымен қатар киностудия президенті ол бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды.
Кейбір жұмыстарды бір жолға қойдық деп айтуға болады. Киностудияға қазіргі уақытта жаңа техникалар әкеліп жатыр. Басқару құрылымын ауыстырдық, ашықтық деңгейін арттырып, қауіпсіздік қызметін құрдық. Үкіметтің қолдауымен газ кіргіздік. Пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда жалға бері табысын 400%-ға дейін көтердік. Тырысып жатырмыз. Бірақ өкінішке қарай, студияның түскен табысының бәрі қызметкерлердің еңбекақысы мен әкімшілік-шаруашылық қажеттіліктерден аспайды. Өз фильмдеріміздің өндірісі үшін қаражат жетпейді. Сондықтан әлі де жеке фильмдерімізді түсіруге қолдау қажет, - деді Ақан Сатаев.