Сарысуда жол жөнделіп, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтеруде
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы Сарысу ауданында жол жөнделіп, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аталған ауданға жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысандармен танысты.
Бердібек Сапарбаев аудандағы жұмыс сапары барысында бірінші кезекте аймақ басшысы Түркістан облысының Шаян ауылынан "ЕвроХим-Тыңайтқыш" компаниясының зауытына дейін созылатын газ құбырының құрылысы барысымен танысты. Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының м.а. Құдайберген Қорғанбаев жобаның мердігері "StroyGazKompany" ЖШС екенін жеткізді.Газ құбырының ұзындығы - 98,3 шақырым. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Нәтижесінде Жаңатас қаласын қоса алғанда, 14 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілмек. Бердібек Сапарбаев жұмыс қарқынын төмендетпеуді тапсырды.
Бұдан соң ол "Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясында қайта жаңғыртылып жатқан екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс алаңына бет бұрды. 1977 жылы салынған 90 пәтерлік екі үйді қайта жаңғыртумен "AKM Group" ЖШС айналысуда.
Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қараша айында аяқталады деп көзделуде. Жаңатас қаласының әкімі Дүйсенәлі Борсықовтың айтуынша, үш тұрғын үйді қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.
Бұдан соң облыс әкімі жақында пайдалануға берілген Жаңатас қаласындағы сүт цехында болды. Құны 65 миллион теңге болатын цехты "Байтұр 2050" ЖШС салған. Жалпы соманың 16 миллионнан астам теңгесі "Еңбек" бағдарламасы аясында бөлініпті. "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасының қолдау шаралары арқасында инфрақұрылыммен қамтылған.Мұнда сүт өнімдерінің бес түрі шығарылатын болады. Жергілікті 10 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Цех тәулігіне 2 тонна сүт өңдеуге қауқарлы.
Кәсіпорын директоры Фархат Шаймқұлов бірден толық қуатта жұмыс істеуге шығуға ниетті. Қазір ол шаруа қожалықтарымен келіссөздер жүргізуде. Сүт уақтылы жеткізілуі үшін ол қажетті техниканы өз қаражаты есебінен сатып алуға дайын екендігіне сендірді.
Ф.Шаимқұлов Жаңатаста сүт өнімдері арзан бағамен сататын төрт дүңгіршек ашқысы келетінін айтты. Оларда фермерлерге де өз өнімдерін сатуға мүмкіндік жасалмақ.
Аудандағы жұмыс сапары барысында облыс әкімі еліміздегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделілігін ескере отырып, бірқатар дәріханалар мен орталық ауруханаға ат басын бұрды.
Дәріханалардан вирусқа қарсы препараттар табылмады. Бірақ фармацевттер жақын арада жаңа жеткізілімнің күтіліп отырғандығына сендірді. Бердібек Сапарбаев қандай жағдайда да бағаны көтермеу керектігін баса айтты.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Бағила Бегманова пневмониямен ауыратын науқастар емделетін "қызыл аймақтың" жұмысы туралы баяндады. Ол Бердібек Сапарбаевқа 2017 жылы сатып алынған рентген аппаратын көрсетті. Облыс әкімі дәрі-дәрмектің жетіспеуіне қатысты алаңдаушылығын білдірді.
Бұл орайда Бағила Бегманова аурухананың резерві бар екендігін және барлық науқастарды қажетті препараттармен тиісінше қамтамасыз ете алатындығына сендірді.
Бердібек Сапарбаев "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бойынша Жаңатас қаласының аулалары мен көшелерін абаттандыру мен көгеріштендіру жұмыстарының барысымен танысып, шалғай ауылдарға бет түзеп, жай-күйінен хабардар болды.