Сарыөзек әлі де сапалы суға зәру
Сарыөзектегі ауызсу мәселесі әлі де бітер емес. Бүгінде 180 км-ге жуық сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жүруіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаншама жылдан бері қара судың жолына қарайлап отырған сарыөзектер сапалы суға әлі де зәру. Осы күнге дейін бөлінген қаржы сапасыз жұмыстың салдарынан діттеген мақсатқа жетпеді. Сот болды, қайта қаржы бөлінді, бәрібір де іс оңалмады. Жақында Кербұлақ ауданына барған облыс әкімі Бейбіт Исабаев халықты сабырға шақырып, көп ұзамай судан таршылық болмайтынын жеткізді.
Халық сапалы су ішу үшін су желілері толықтай жаңартылып, жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Шілде айында басталған құрылыс-монтаждау жұмыстары алдағы екі жылда түйткілді түпкілікті шешеді деп үміттенеміз. Халық ауызсусыз қалмайды, - деді Б.Исабаев.
Айта кетейік, кұреңбел елінде 63 ауылдың басым бөлігі орталықтандырылған сумен қамтылған. Әйткенмен, сарыөзектіктер жарты ғасырдан астам уақыт шеңберінде таза судан таршылық көріп отыр.
Жылда бір қойылым қайталанады. Нақтылап айтсақ, 2008-2022 жылдар аралығында су жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары төрт кезеңмен жүргізілген еді.
Алайда жауапты мердігерлердің немқұрайлы әрекетінен 80 шақырымға жуық су желісі стандартқа сай жабдықталмай мәселі тіпті күрделене түскен. Қызметкерлер су құбырларының орнына кәріз жүйесіне қолданылатын құбырлар салған.
Бүгінде бірнеше ауыл орталықтандырылған су желісіне қосылды. Халық мәре-сәре болып отыр. Ал сарыөзектіктер біресе жазда, біресе қыста судан әлі қиындық көріп келеді. Қаншама әкім ауысты, бірі де бұл іске нүкте қоя алмады. Ең қиыны балалар сабаққа барар уақытта судың уақытылы келмей қалатыны. Жоғары қабаттағы тұрғындарға су жетуі екіталай, - дейді ауыл тұрғыны Ажар Жанатбаева.