Сарым: Досымыз қуана, қасымыз түңіле мойындаған қиын да қисынды жеңіс!

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan партиясы атынан депутаттыққа үміткер кандидаттардың бірі саясаттанушы Айдос Сарым осы жолғы сайлау барысы жайлы пікір білдірді.

Сайлау науқаны осымен аяқталды. Біреуге тым қысқа, біреуге аса қызықсыз деп көрінген науқан қай-қайсымызға да оңай болған жоқ. Өзім үшін бұл науқан пандемия кезінен басталып, праймеризде жалғасты. Үлкен жұмыс жасалып, ұзынсонар жолды көптеген адаммен бірге бастан өткердік. Пандемия кезінде "Біз біргеміз" қоры құрылып, қыруар қаржы жиналып, миллиондаған ел тұрғындарына қаржылай, медициналық, өнімдік көмек көрсеттік - деп жазды ол өз парақшасынды.

Праймериз билік партиясының шынайы жаңаруына, оның қатарына көптеген жаңа, тың тұлғалардың қосылуына өз ықпалын тигізді. 

Сол кезде алынған аса жоғары, пәрменді қарқынмен сайлау науқанына араласып кеттік. Сайлау науқанының белсенді, мығым өтуіне бірден-бір себепкер осы праймериз болды десек еш артық болмас. Науқан кезінде жүздеген, мыңдаған адаммен, елдің шынайы патриоттарымен таныстым, солармен бірге атқа қонып, ел мен жерді бірге аралап, үгіт жүргіздік. Күніне кемі 3-4 кездесу өткізу арқылы ғана партияның үміткерлері миллиондаған қазақстандыққа партияның бағдарламасы мен жұмысы туралы әңгіме айтып, сұрақтарына ашық жауап бердік - дейді саясаттанушы.

Ол осынау қыруар жұмыстың нәтижесі - кешегі сайлауда партияға берілген миллиондаған адамның дауысы екенін атап өтті.

Досымыз қуана, қасымыз түңіле мойындаған қиын да қисынды жеңіс! Сол үшін бүгін біз барша дауыс берген азаматқа, барша белсенді жұмыс істеген партияластарға, волонтерлерге адами, азаматтық алғысымызды айтқымыз келеді. Біз біргеміз! Бар қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз! - деді Айдос Сарым.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы