«Сарыарқа» велотрегінде 400-ге жуық оқушы жаттығады
Елордада балалар мен жасөспірімдер арасында велоспортты дамытумен №6 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі айналысады, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мекеме басшысы Бауыржан Өтегенов осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы елорданың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.
Мектеп велоспорт бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командаларына спорт резервін дайындау үшін осы саладағы дарынды балалар мен жасөспірімдерді анықтауға бағытталған балалар, жасөспірімдер мен жастар арасында дене шынықтыру-сауықтыру және тәрбие жұмысын жүргізеді.
Мұнда тас жолда велосипед тебу, тректе велосипед тебу және тау велосипедінде велосипед тебу сияқты спорт түрлері үйретіледі.
Жалпы білім беретін мектептердің және басқа да оқу орындарының оқушылары таңдаған спорт түрі бойынша спорттық нормативтерге сәйкес және спорт түрлері бойынша бастапқы дайындық топтарына жазылу жасы – 10-12 жаста мектепке тегін қабылданады.
Оқу-жаттығу процесі «Сарыарқа» велотрегі, Қосшыдағы №18, 2 мектептер, «Дәулет» спорт кешені, Үркер тұрғын алабындағы Нұра дене шынықтыру-сауықтыру кешені базасында жүргізіледі.
Оқушылардың негізгі бөлігі «Сарыарқа» велотрегінде шұғылданады. Қазақстан бойынша жабық велотрек тек Астанада ғана бар. Бұл біздің спортшыларға трек бойынша жарыстарға дайындалуда артықшылық береді. Мектепте 20 жаттықтырушы жұмыс істейді. Олардың 20-сы жоғары білімді. Қазір 13 жаттықтырушы жоғары санатты және 1 жаттықтырушы бірінші санатты. Мекемеде 382 оқушы бар, оның ішінде бастапқы дайындық кезеңдері бойынша – 253 спортшы және резервтік топ бойынша – 82 спортшы, спорттық жетілдіру бойынша – 47 спортшы. Қала құрамасында біздің мектептен 24 спортшы бар, - деді Бауыржан Өтегенов.
Материалдық-техникалық база туралы тоқталар болсақ, 2020-2023 жылдары Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен қала әкімдігінің қолдауымен 172 велосипед сатып алынды. Биыл спортшыларды жарыстарда және жаттығу процесінде сүйемелдеу мақсатында мектепке 3 автокөлік сатып алынды.