"Сарыарқа" газ құбыры жуырда пайдалануға беріледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Энергетика министрлігі жылдың басты жобасы – Сарыарқа магистральдық газ құбырын 31 желтоқсанға қарай салтанатты түрде іске қосуды жоспарлап отыр.
5 автоматтандырылған газ тарату станциясы, газ өлшеу және басқару пункті бар көптен күткен газ құбыры пайдалануға берілетін болады. Бұл туралы вице-министр Әсет Мағауов баян етті.
2020 жылғы қаңтар айында Қарағанды облысының тұрғындары алғашқы болып зарыға күткен бұл көгілдір отынға қол жеткізбекші.
Қарағанды облысында 2020 жылғы қаңтар айында алғашқы тұтынушыларды газға қосу күтілуде. Атап айтсам, Жезқазған қаласында: Талап кентінде 8 көшеде - 148 тұрғын үй және Пристанционный кентінде 2 көше (Балхаш және Железнодорожный көшелері) – 100 үй; Теміртау қаласында: С.Разин көшесінде 100 үй және Қарағанды қаласында: Бадин, Олимпийская, Заводская көшелерінде 150 үйге көгілдір отын беріледі, - деді энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауов.
Ол соңғы жылдары газ саласының дамуы еліміздің энергия теңгеріміндегі газ үлесінің артқанына назар аударды.
Газ өндіру көлемі 2019 жылдың алдын ала қорытындылары бойынша 56,3 млрд текше метрді құрап, 2018 жылға 101,4% өсім көрсетті. Елімізде газ тұтыну көлемі жыл сайын 4-5% деңгейінде өседі. Биыл газды ішкі тұтыну көлемі 15,8 млрд текше метрді құрайтын болады, 2018 жылға қарағанда 5%-ға артық, - деп айтты спикер.
Онын айтуынша, биыл сұйылтылған мұнай газын өндіру көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 1,7%-ға өскен.
Сонымен қатар, Мағауов бірқатар оң өзгеріс пен жағымды жаңалықты тілге тиек етті. 2016-2019 жылдары қандай стратегиялық маңызды жобалар іске асырылғанын айтып берді.
Мәселен, 2017 жылы "Бейнеу-Бозой-Шымкент" магистральдық газ құбыры іске қосылған соң, оңтүстік өңірлерді газдандыру және өзбек газына маусымдық тәуелділік проблемасы шешілген екен.
"Қазақстан-Қытай" газ құбырының қосымша "С" желісі іске қосылған соң, Қытайға газ экспортының маршруты ашылды. Егер 2017 жылы Қытайға алғашқы газ экспорттау 1 млрд м3 құраса, биыл экспорт көлемі 19,5 млрд м3 дейін ұлғайды. 2018 жылы "Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай" трансұлттық газ құбырының жобалық қуаты 55 млрд м3 жетті, - деді ол.Осылайша, отандық газ экспортының өсуі өңірлерді газдандыру жобаларын қаржыландыруға және халық үшін газ бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Оның үстіне, биыл өңірлерде әкімдіктермен бірлесіп, газ инфрақұрылымын салу бойынша 73 жоба іске асырылған.
Айта кетейік, еліміз бойынша газдандыру деңгейі 50%-дан асады.
Бұған дейін, Әсет Мағауов 2016-2019 жылдар аралығында "Қашаған" жобасын іске асырудан түскен пайда шамамен 0,7 млрд АҚШ долларын құрағанын айтқан болатын. Вице-министрдің сөзінше, Қырғызстан, Беларусь және Армения қазақ мұнайын импорттауға мүдделі. Сонымен қатар, елімізде 100 мегаватты күн станциялары іске қосылатын болды.