Шетелдікті ұрып, ақшасын тартып алған сарыағаштық ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сарыағаштық полицейлер шетелдік азаматты тонап, ақшасын алып кеткен күдіктіні ұстады. 

Сарыағаш АПБ-не Өзбекстан Республикасының азаматы арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, оған белгісіз адам кешкі сағат 17:00 шамасында шабуыл жасап, бетінен бір соққы беріп, күшпен 20 000 теңгесін тартып алған. 

Аталған жайт Сарыағаш АПБ-мен СДТТБТ ҚР ҚК-нің 191-бабы “Тонау” бойынша тіркелді. Оқиға орнына арнайы жедел-тергеу тобы жіберілді. Жәбірленушінің жауабымен күдіктінің түр-тұлғасы анықталып, жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. 

Тәртіп сақшылары жақын маңдағы аумақтарды мұқият аралап, куәгерлерден жауап алып, басқа да қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері тонау қылмысына қатысы бар күдіктіні “ізін суытпай” қолға түсірді. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты, - делінген ведомство хабарламасында.

Polisia.kz хабарлағандай, қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Айғақты зат ретінде 20 000 теңге ақша тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Күдікті қолхатта.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы