Сарыағаштағы теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін ашылды
Қайта жаңғыртудан кейін вокзал заманауи жайлылық, қауіпсіздік және энергия тиімділігі талаптарына сай келетін болды.
Түркістан облысында Сарыағаш станциясының теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өтіп, жолаушыларға қызмет көрсету үшін қайта ашылды.
Жөндеу жұмыстары барысында вокзалдың жолаушыларға арналған және қызметтік бөлмелері, инженерлік коммуникациялары, шатыры мен оған іргелес аумағы жаңартылды.
Ғимараттың қасбеті берік фиброцемент панельдерімен қапталып, цоколіне қазақстандық өндірістің гранит плиткалары төселді. Бұрынғы терезелердің орнына энергия үнемдейтін шыныпакеттері бар алюминий витраждар орнатылды.
Вокзалдың ішкі бөлігінде тозуға төзімді әрі жанбайтын материалдар қолданылып, жаңа әрлеу жұмыстары жүргізілді. Еден жабындары мен төбелер жаңартылып, инженерлік желілер толық ауыстырылды. Сонымен қатар шатыр толығымен жаңартылып, заманауи жылу оқшаулағыш материалдармен жабдықталды.
Қайта жаңғыртудан кейін вокзал заманауи жайлылық, қауіпсіздік және энергия тиімділігі талаптарына сай келетін болды.
Сарыағаш станциясы тәулігіне шамамен 255 жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы Алматы, Шу, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе және Қандыағаш бағыттарына, сондай-ақ Ресей мен Өзбекстан қалаларына қатынайтын 10 жолаушылар пойызы өтеді.