Сарыағаштағы әлеуметтік мекемелерде 13,3 млн теңге жымқырылған
Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Сарыағаш ауданының прокуратурасы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Аялы алақан» және «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында бюджет қаражатының жұмсалуына жүргізілген талдау барысында қаржылық заңбұзушылықтарды анықтады.
Прокуратураның мәліметінше, мемлекеттік сатып алу шарттары аясында іс жүзінде жеткізілмеген тауарлар мен орындалмаған қызметтер үшін бюджеттен қаражат аударылған.
Тексеру барысында мекеме лауазымды тұлғаларының бірқатар жеке кәсіпкерлермен келісіп, нақты орындалмаған жұмыстар мен жеткізілмеген тауарларға қабылдау актілерін рәсімдеп, бюджет қаражатын негізсіз аударғаны белгілі болды.
Прокуратура бастамасымен жүргізілген сот-бухгалтерлік сараптаманың қорытындысына сәйкес, мемлекетке келтірілген материалдық шығын 13,3 миллион теңгені құраған.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігі («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі уақытта іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.