Сары баспасөзге тән материалдар көбейгені байқалады – сенатор

Сенат депутаты Әлішер Сатвалдиев болашақ журналистерді даярлауға қатысты біршама мәселелерді айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, фактілер жеткілікті болғанымен, сары баспасөзге тән материалдар көбейгені байқалады.

Аналитикалық материалдар өте аз. Бұл жағдай журналистерді дайындау процесінде олқылықтар бар деген емес пе? Болашақ журналистер ЖОО-ларда заманауи талаптар мен бүгінгі қалыптасқан жағдайдың шынайы болмысы туралы білімді қаншалықты толық ала алуда? Олардың оқу бағдарламаларын қайта қараудың қажеттілігі бар ма?, - деді сенатор Әлішер Сатвалдиев.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Закидің айтуынша, елімізде журналистика бағыты бойынша 35 ЖОО-да оқыту жүргізіледі. Оның ішінде 5700-дей білім алып жатыр. Бакалавриатта – 5300, магистратурада – 295, докторантурада – 47. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 1800 адам.

Біздегі оқу бағдарламаларының реестрі ішінде 105 оқу бағдарламасы тіркелген. Бакалавриат бағыты бойынша – 66, магистратурада – 32. Қазір журналистерге қойылған талаптар кәсіби стандарттар арқылы жүзеге асады. Оқу бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Қойылатын талаптар әрі қарай күшейтілетін болса, оны қосымша қарауға дайынбыз, - деп жауап берді ведомство өкілі.

Айта кетейік, бүгін Сенат «Масс медиа туралы» Заңды мақұлдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы