Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 70 жылдығы тойланды
Шығыс Қазақстандағы тұңғыш ЖОО ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен бірге 70 жылдық мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құрметті қонаққа «Dana bala» инклюзивті білім беру орталығы, жаңа атаулы зертханалар таныстырылып, машина жасау, материалтану, энергетика, биотехнология, гуманитарлық саладағы ғылыми жұмыстар көрсетілді. Министр сирек кітаптар қорына, фитнес-орталыққа барып, жатақханаларды аралады. Саясат Нұрбектің айтуынша, университеттің ғылыми қызметкерлерінің өңірдің және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын жобалары тамаша әсер қалдырды.
Бүгінгі таңда Amanzholov University – Шығыс Еуропа және Орталық Азия университеттері арасында үздік ТОП-300 QS рейтингінде 251-орынға жайғасқан әлемдік деңгейдегі ғылыми-білім беру орталығы. Сондай-ақ білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттік өткізген Қазақстанның үздік университеттерінің Ұлттық рейтингінде көпсалалы университеттер арасында алғашқы бестікке кіреді.
Қадірменді әріптестер, университет оқытушылары, барлық қызметкерлерді бүгінгі 70 жылдық мерейтоймен министрліктің, өзімнің атымнан шын жүректен құттықтаймын. Өңірлік университеттер ішінде С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың орны да, әлеуеті де басқадан бөлек. Соңғы екі жыл бойы ұлттық біліктілік тестілеуінен бірінші орында келе жатыр. Ал ғылыми зерттеу жобаларын қаржыландыру 16 есе көбейген. Университет соңғы төрт жылда студенттер саны бойынша төрт мыңнан тоғыз мыңға дейін өсті. Жаңа зертханалар ашылды, - деді министр.
Саясат Нұрбектің айтуынша, қазір елімізде демографиялық өсім байқалады, ол әрине қуантарлық жағдай. Және осындай маңызды кезеңде академиялық инфрақұрылымға мән беру керек. Сондықтан қазір бар мүмкіндіктерді қолдана отырып, ары қарай білім саласын алға ілгерілетуді жалғастыру қажет. Цифрландыру жұмысына көп көңіл бөлген жөн. Маңызды жаңалық, әлемдегі ең ірі Coursera онлайн-білім беру платформасымен келісімшарт жасалғанын атап өтті. Соның аясында өңірлік университеттерде 50 сандық зертхана ашылады. ШҚУ солардың қатарында. Сонымен қатар мерейтой аяқталған соң арнайы жоспарлап, ШҚУ-ға дәріс оқуға келетінін жеткізді.
ШҚУ-да 30-дан астам инновациялық білім беру бағдарламасы, сонымен қатар Қабанбай батыр атындағы әскери кафедра ашылды. Соңғы үш жылда ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі 16 есеге артып, 1 миллиард 630 миллион теңгені құрады. ЖОО алыс шетел университеттерімен белсенді ынтымақтастықта. Негізгі бағыттары – ғылыми жобалар, қос дипломды білім, академиялық ұтқырлық.
70 жыл – университет үшін өте маңызды уақыт межесі. Осы жылдар ішінде сіздер педагогикалық білім беру саласында елеулі жетістіктерге қол жеткіздіңіздер. Соның арқасында университет еліміздің жетекші білім ордалары қатарында ойып тұрып орын алды,– деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов. – Ондаған жылдар бойы университет уақыт талабына жауап бере алатын жоғары білікті кадрларды даярлаудың үздік дәстүрлерін сақтап келеді. Алға қойған мақсаттарға уақтылы, жемісті қол жеткізуде. Университетте он мыңдаған жоғары дәрежелі маман сапалы білім алды. Түлектер арасында белгілі ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, ірі кәсіпорындардың басшылары бар. Ұрпақтар сабақтастығы, оқытушылар мен студенттер салған дәстүр жолы жалғасатынына сенімдімін. Мерейтой күні оқу орны ұжымына өрлеу, шығармашылық табысты жобалар тілеймін, - деп атап облыс басшысы.
Айта кету керек, жас, болашағы зор ректор Мұхтар Төлеген тұсында университет жоғары қарқынмен айтарлықтай биіктерге қол жеткізуде, бұған еліміздің 130 көпсалалы жоғары оқу орындары арасында ұлттық біліктілік тестілеуінің нәтижелері бойынша екі мәрте бірінші орынды иеленуі мысал бола алады. Оған қоса, 40-тан астам PHD докторанттары шықты. Соңғы төрт жылда университет студенттер санын 2,5 есеге арттырды. Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 98%-ды құрайды. ЖОО-да мемлекеттің қолдауымен 64 ғылыми жоба іске асырылуда.
70 жыл ішінде университет қабырғасынан он мыңдаған түлек оқып шығып, үлкен өмірге аяқ басты. Кәсіби мансаптарын білімді маман ретінде бастады. Университеттің беделі бүкіл республикаға белгілі түлектердің есімдерімен арта түседі. Университеттің бүгінгі атағы дәстүрге адал, шығармашыл, жаңашылдықтан жасқанбайтын, тату ұжымның ерен, жемісті еңбегінің арқасында асқақтап тұрғаны даусыз, – деді Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Салтанатты концертте министр мен облыс әкімі Даниал Ахметовтің, ректордың профессорларды құрмет грамоталарымен марапаттау рәсімі болды. Белсенді жастар ән айтып, би билеп мейрамды одан әрі әрлендіре түсті. Университет туралы деректі-көркем фильм көрсетіліп, құттықтаулар айтылып, келгендер тамаша әсер алды.