"Сармат" мектебінің тәрбиешісіне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр

Атырау облысының бала құқықтарын қорғау бойынша өңірлік уәкілі Айжан Сәрсембаева әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін Атырау облысы білім басқармасының "Сармат" мамандандырылған мектеп интернаты қызметкерлері зорлық-зомбылық көрсеткені туралы әлеуметтік желілерде ақпарат тараған болатын.

Айжан Сәрсембаеваның сөзінше, Атырау облысы Білім басқармасы жанынан зерделеу тобы құрылған. Оның құрамында Бала құқығы жөніндегі өңірлік уәкіл де бар. Топ "Сармат" мектебіне барып, таңертеңнен кешке дейін зерделеу жұмысын жүргізген.

Мәліметке сәйкес, баланың ата-анасының өтініші бойынша мекеменің жұмысы зерделеніп, нәтижелері бойынша директордың орынбасарына 19 желтоқсанда тәртіптік жаза қолданылған.

Бүгін балалардың тамақтануын, тәртіптерін бақылап, сабақтарына қатысып, әр баламен жеке сөйлестік. “Сармат” мектебінде болды деген қысым көрсетушілік, тәрбиешінің көрсеткен зорлық-зомбылық бойынша оқушылармен ашық әңгімелестік. Жұмыс барысында балалар бұл фактіні растаған жоқ, бірақ мектептерінің жағымды немесе ұнамайтын жақтарын, қажеттіліктері туралы ашық айттты. Ескертпелердің бәрі әкімшілікке айтылып, шара қабылданатыны ескертілді, - деді уәкіл.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта тәрбиешіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 140-бабы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеліп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архив
Өзгелердің жаңалығы