Сарбаздардың ата-аналары ұлдарының әскери өмірімен танысты

Ұлттық ұлан сарбаздарының ата-аналары әскери бөлімге барып, ашық есік күніне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Қазіргі таңда қоғамда қалыптасып кеткен стереотиптерге байланысты көптеген ата-аналар өз балаларын әскерге жіберуден бас тартып, кейбір жағдайларда жібермей де жатады. ҚР ІІМ Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл стереотиптердің қалыптасуының басты мәселесі, ата-аналардың әскери өмірді көрмеуі және әскери саланың ішкі құрылысы туралы толық ақпаратты білмеуінен.

Осыған орай, ҚР ІІМ Ұлттық ұланы бұл мәселені шешу үшін бар күштерін салып, кешенді іс-шаралар ұйымдастыруда. Атап айтар болсақ, ашық есік күндері, дөңгелек үстелдер, онлайн-байланыс.

Мәселен, 28 қыркүйек күні “Орталық” өңірлік қолбасшылығына қарасты 3517 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың ата-аналарына арналған ашық есік күні өтті. Аталмыш іс-шараға сарбаздардың 40-қа жуық ата-анасы қатысып, әскери өмірдің бір күнінің қалай өтетінін көре алды.

Ұйымдастырылып отырған бұл іс-шараның негізгі мақсаты – ата-аналарға өз балаларының қызмет атқарып жүрген жерлерін көрсету. Біз іс-шара аясында ата-аналарға балалары демалатын жатын орындарды, асханаларды және сарбаздардың күнделікті ас мәзірімен таныстырдық. Сондай-ақ, бұл ұйымдастырылған іс-шараның басты мақсаты қазіргі таңдағы ата-аналардың бойында қалыптасқан қорқынышты сейілту және әскери қызметтің әлеуетін көтеру болып табылады, - деді 3517 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Айдос Мырзахмедов.

Іс-шара аясында ата-аналар сарбаздар жататын казармаларға, ас ішетін асханаларға барып қайтты. Сондай-ақ, ата аналарға әскердегі қару-жарақ түрлері көрсетіліп және сарбаздар атқаратын қызметтің қиындығы туралы ақпараттар берілді.

Бізге іс-шара өте қатты ұнады. Біз ұлымыздың қайда қызмет ететінін көрдік, енді оның жақсы жағдайда қызмет атқарып жүргеніне толық көзіміз жетті. Бізге сарбаздар тамақтанатын асханалар мен сарбаздардың рационын және сарбаздар жататын казармалар көрсетілді. Әскери бөлім ішінде Отан алдындағы борышын атқарушыларға арналған барлық жағдай жасалған. Барлығы жоғары деңгейде өткізілді. Ұлттық ұлан әскери құрылымына көп-көп рақмет! - деді сарбаз анасы Айнагүл Жүкенова.

Іс-шара соныңда әскери бөлім басшылығы сарбаздарды ата-аналарымен бір күндік демалысқа жіберді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы