Су тасқыны: Отан қорғаушылар күні сарбаздар толарсақтан саз кешуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мақтааралдағы техногендік апаттың салдарын жою үшін Шымкент қаласынан келген 35748 әскери бөлімі өздерінің кәсіби мерекелерінде толарсақтан саз кешіп, қызыл су басқан аймақтан табылды.

Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметі хабарлады.

112 адамнан тұратын топты аталған әскери бөлім басшысының қару-жарақ жөніндегі орынбасары, подполковник Рахматулла Тасполаев бастап келіп, су астында қалған елдімекендерді тазалау және халыққа көмек беру жұмыстарын жүргізуде. 

Жол талғамайтын 20 КаМАЗ техникасын ала келген әскери бөлім қызметкерлері мен ветеринарлық қызмет және әкімдік өкілдерімен бірге су басқан елді мекендер ішіне кіріп, аман қалған жан-жануарларды, заттарды халыққа жеткізуге көмек беріп жатыр. Бұл техниканың мал шығынын есептеуде де рөлі үлкен. Әскерилер адам аяғы бара алмайтын жерлерге кедергісіз барып, табылған мал өлекселерін құрғақ жерге тасуда. Соның дәлелі ретінде елді мекендерге топ-топпен бөлінген сарбаздар 6 күн бойы байлаулы тұрған бұзауды су құрсауынан аман алып шығып, ветеринар мамандарға табыстады, - делінген хабарламада. 

Бұдан бөлек, мамандар Атакент ауылындағы көмек қолын қажет еткен қоймаларға барып жүк түсіруге де жәрдем беруде. 

Қызу жұмысқа кіріскен мамандар күні кеше Өргебас ауылында 10 жүк көлігіне тиелген құмды қапқа салып, ұзындығы 1,5 шқ болатын дамба тұрғызды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы