Сарбаздар 150 шақырымдық тактикалық шеруге қатысты
Павлодар облысында жүзге жуық сарбаз 150 шақырымдық шеру тактикалық-арнайы сабақтарға қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Тактикалық сабақтарға өңірдегі Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөлімінің жас сарбаздары қатысты.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз хатшысы Бағдат Амангелдінің хабаралуынша, облыс орталығынан бет алған шеру Павлодар ауданының Пресное ауылына дейін және кері қарай жолды еңсерді.
Дәстүрлі оқу-жаттығу барысында Отан алдындағы борышын өтеп жатқан жігіттер теориялық білімдерін іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік алды. Олар қиын жағдайда дұрыс тактиканы таңдап, кедергілерді еңсеру керек болды. Сонымен қатар, шектеулі және ойық өткелдерден сүрінбей өту міндеттелді. Жастар әскери техниканы тізгіндеу бойынша шеберліктерін де паш етті, - дейді Бағдат Амангелді.
Жауынгерлік әрекетті шұғыл әрі сапалы орындағандардың қатарында қатардағы жауынгер Алмас Ерқанатов бар.
Шыны керек, Ұлттық ұлан қатарына шақыртылғанға дейін жауынгерлік техниканы басқару, оның ерекшеліктері туралы бейхабар болдым. Осы шеру ұзақ қашықтықты қамтыды. Өзім және қатарластарым мол тәжірибе алдық. Біз жолдағы қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, тапсырма бойынша әскери техниканы тиісті жерге жеткіздік. Бұл бастапқыда оңай болып көрінгенімен, жауапкершілік пен күшті талап етеді. Сарбаздар жауынгерлік машинаны басқара отырып, түрлі кедергілерді еңсеруді үйрендік, - дейді 6679 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Алмас Ерқанатов.
Тәртіп бойынша 150 шақырымды өтіп, тапсырламаларды мүдірмей орындаған жас жауынгерлер әскери көліктерді басқаруға рұқсат алады.