Сарайшық ауылында төсемтас өндіру цехы ашылды – Атырау облысы
Сарайшық ауылында төсемтас (брусчатка) өндіру цехы ашылды. BAQ.KZ бұл туралы Махамбет аудандық әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Атамекен» кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының басшысы Жексенбай Пазуловтың айтуынша, шағын цехтың иесі – ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан Ерлан Шұғайыпов. Осы кәсіпті ашу үшін ол мемлекеттен 1 млн 280 мың теңге қайтарымсыз грант алған.
Бұрын ұзақ жыл Қашаған кен орнында мұнайшы болып еңбек еттім. Кейін бір кәсіп ашуды ойладым. Ойлана келе қазіргі таңда сұранысқа ие, заманауи төсеніш тастарын өндіруге тоқталдым, - дейді Е.Шұғайыпов. - Алдымен ғаламторды ақтарып, құрамына не қосатынын, қалай жасалатынын зерттедім. Әбден дайындалып, өзіме сенімді болғанда, жұмыспен қамту орталығына қайтарымсыз грантқа құжат тапсырдым. Сол ақшаға құрал-жабдық, құрамына қосатын қоспаларын сатып алып, жұмысты бастап кеттім. Бір шаршы метрін 3000 теңге деп отырмын. Тапсырыс көп болса жеңілдік жасаймын.