Сарапшылар талантты басқарудың өзекті мәселелерін талқылады

Астанада «Қазіргі замандағы адам ресурстарын дамытуда тәжірибе алмасу» халықаралық конференциясы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шараны ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Астана мемлекеттік қызмет хабымен бірлесіп ұйымдастырды.

Жыл сайынғы дәстүрлі HR конференцияда қазіргі сұранысқа жауап беретін таланттарды басқарудың өзекті мәселелері талқыланды. Адам капиталына баса көңіл бөлу – Қазақстан Президентінің адамға бағдарланған реформаларын қолдауға бағытталады.

Шараға модераторлық еткен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл шараның мақсаты мемлекеттік басқару саласында адами капиталды басқару мәдениетін дамыту және тәжірибе алмасу екенін атап өтті.

Конференциямыздың мақсаты – мемлекеттік қызметтің персоналын басқару саласында заманауи озық тәжірибемен алмасу, инновациялық шешімдерді пысықтау арқылы мемлекеттік басқару жүйесінде адам капиталын стратегиялық басқаруды, ұйымдық мәдениетті, адамға бағдарланған құндылықтарды дамытуға үлес қосу, – деді ректор.

Оңтүстік Корея, Сингапур, Қытай, Түркия, Әзірбайжан, Грузия, Бельгия, Қырғызстан елдерінен келген шетелдік сарапшылар мен отандық мамандар, БҰҰ өкілдері мемлекеттік қызметтің персоналын басқару саласында озық тәжірибемен алмасып, талант-менеджмент, адамға бағдарланған құндылықтар жөніндегі практикалық тұжырымдарды және мемлекеттік HR саласындағы соңғы трендтерді талқылады.

Конференция барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай әрбір мемлекетте таланттар үшін күрес, жасанды интеллект және HR кеңістігін трансформациялау дәуірінде адам капиталын дамытудың маңызы зор екенін атап өтті.

Мемлекеттік қызметті трансформациялауда басты назар мемлекеттік қызметтің кадрлық әлеуетін нығайтуға және нақты сектордан жаңа басқарушыларды тартуға аударылады. Әртүрлі салада жүрген таланттарды тарту мақсатында мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қалыптастырудамыз», – деді Агенттік төрағасы.

«Мемлекеттік қызметтегі экожүйе: корпоративтік мәдениет және құндылықтар» сессиясының жұмысына Мемлекеттік басқару академиясының ғылыми қызмет жөніндегі вице-ректоры Алия Масалимова модераторлық етті. HR саласында үлкен жетістікке жеткен Оңтүстік Кореяның KIPA Президенті Санхан Чой саяси шешім қабылдайтын тұлғалардың қоғамдық көшбасшылығы туралы баяндады.

Кореяның мемлекеттік басқару институты Премьер-министр жанындағы Ұлттық зерттеу институты болып табылады. Менің ғылыми-зерттеу институтым инновацияны, ұйымдастырушылық дизайнды, үкіметтің тиімділігін бағалауды, реттеуді, апаттар қауіпсіздігін, жанжалдарды басқаруды және қоғамдық көшбасшылықты зерттейтін ұлттық саясатты зерттеу институты болып табылады. Қазіргі уақытта 50-ге жуық PhD докторы мен 100-ге жуық PhD үміткер бар. Менің Қазақстанға келу себебім – Орталық Азиядағы мемлекеттік қызметкерлердің мүмкіндіктерін шыңдау және Қазақстан Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен корей тәжірибесімен бөлісу және одан әрі дамыту. Болашақта менің мақсатым – Мемлекеттік басқару академиясымен және Орталық Азия шенеуніктерінің әлеуетін арттырудың түрлі бағдарламаларын әзірлеу үшін зерттеу кезеңінде бірлесіп жұмыс істеу», – Санхан Чой.

Адам капиталын дамыту бойынша салада мол тәжірибесі бар Сингапурдың Мемлекеттік қызмет колледжінің аға директоры, бас директордың корпоративтік көмекшісі Хо Уи Менг «Сингапур мемлекеттік қызметіндегі талант-менеджмент» туралы айтып, тәжірибесімен бөлісті. Қытай Халық Республикасы, Фудань Университетінің професоры Пиң Жаң Қытайдағы демографиялық және адам капиталы дивидендтері, өнеркәсіп құрылымын жаңғырту жайлы айтты. Қазақстандық сарапшылар HR құралдар мен құзыреттіліктер туралы айтты. ASSET HR компаниясының директоры, SHRM серіктесі, бизнес-кеңесші Салтанат Алирахим «Негізгі құзыреттерді дамыту арқылы HR-дің рөлін арттыру» тақырыбында сөйледі. SHL Орталық Азия Басқарушы директоры Эльвира Жанаева талантты басқарудың құзыреттілік тәсілін Қазақстан және мемлекеттік қызмет контекстінде баяндады. HR-сарапшы, психология ғылымының кандидаты Ирина Безменова мемлекеттік менеджерлердің басқарушылық құзыреттілігі, оларды бағалау және дамыту мүмкіндіктері жайлы айтты.

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының HR институтының басшысы Рустам Мусин мемлекеттік қызметті кәсібилендірудегі HR институтының рөлі туралы ойымен бөлісті.

Қазір HR Институтта персоналды іріктеу бойынша шешім қабылдауда жасанды интелектті қолдануды зерттеп жатырмыз. Жасанды интеллект адамның құзыреттіліктерін бағалап, сараптауға көмектеседі. Сондай-ақ іс-қимылына, дауыс ырғағына да баға береді. Е-kyzmet ақпараттық жүйесінде жылдар бойы жинақталған үлкен деректермен (big data) жұмыс істеп, құзыреттіліктерді анықтаудың тиімді жолдарын зерттеудеміз», – деді Рустам Таңатұлы.

Конференция барысында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына Ұлттық аккредиттеу орталығының аккредиттеу туралы куәлігі салтанатты түрде табысталды. Сертификат Академияның сертификаттау қызметкерлерінің адам ресурстарын басқару саласындағы ұлттық стандарттар талаптарына сәйкестігін растайды. Академия ректоры Ерлан Әбілге аккредиттеу сертификатын ҰАО бас директоры Талғат Момышев табыс етті. Академия қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің құзыретін дамытатын, жаңа идеялар мен уақыт талабына тұрақты ашықтықты жеткізетін негізгі интеллектуалдық алаң болып табылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы