Сарапшылар саяси трансформация үдерісін талқылады
Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты «Қазақстанның саяси трансформациясы: бүгіні мен болашағы» атты сарапшылар талқылауын ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Талқылауға белгілі саясаттанушылар мен әлеуметтік ғылым бағытындағы сарапшылар, қоғам қайраткерлері, академиялық ортаның өкілдері қатысты.
Сарапшылар талқылауын ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов ашты. Өз сөзінде институт басшысы «Әділетті Қазақстанның» болашағын талқылауға шақырды.
Біз елдегі және әлемдегі ауқымды өзгерістердің куәсі болып отырмыз. Реформалар тек саясат пен экономиканы ғана емес, қоғамның барлық салаларын қамтуда. Сондықтан процестерді талдау барысында мүмкіндігінше түрлі сала мамандарын тарту өте маңызды. Өзгерістердің динамикасы жоғары, сол себепті апта сайын кездесіп, маңызды мәселелерді талқылау қажет. Саяси модернизация, жаңа экономикалық саясатты құрумен қатар қоғамда түбегейлі өзгерістер туғызады. Бұл тұрғыда өзгерістерді қадағалап, теріс тенденцияларға уақытылы жауап беру өте маңызды. Бұл мәселеде сарапшылық көзқарасты ескеру қажет. Сол себепті біз бүгін осы сарапшылар форумында жиналып отырмыз. Келесі жылы мемлекеттік басқару жүйесін толықтай жаңартамыз. Бірақ қазірдің өзінде біз қандай тәуекелдер мен қиындықтарға тап болатынымызды түсінуіміз керек. Қоғам қабылданған шешімдерді қалай бағалайды? Олардың үміттері қалай өзгереді? «Әділетті Қазақстанның» болашағын қалай елестетеміз? Осы және басқа да сұрақтарды бүгін талқылауды ұсынамын, – деді Еркін Тұқымов.
Кездесудің бірінші сессиясы Қазақстандағы саяси реформалардың жүзеге асырылуын талқылаумен, еліміздегі жүйелі өзгерістердің әсерін бағалаумен жалғасты. Сессия жұмысына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қатысты.
Мемлекеттік кеңесші өз сөзінде қазіргі уақытта Мемлекет басшысының бастамасымен іске асып жатқан реформалар билік тармақтары арасындағы оңтайлы балансты сақтай отырып, мемлекеттік институттардың жаңа принцип бойынша қалыптасуын қамтамасыз ететіндегі туралы мәлім етті. Атап айтқанда, мемлекеттік институт жүйесі «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен құрылады. Бұл ретте саяси күштер cалиқалы саясат жүргізу және парасатты саяси бағыт ұстану сияқты екі принципті берік ұстануы қажет екені туралы айтып өтті.
Спикерлерінің пайымдауынша, еліміздің жаңа саяси үлгіге көшуі кезіндегі өзгерістер негізінен Қазақстанның әрбір азаматының мемлекеттік басқаруға қатысу үлесін арттыру үшін жағдай жасайды. Сарапшылар Қазақстандағы саяси трансформация арқылы мемлекет басшысының саяси жүйені біртіндеп жаңартуды жүзеге асыру туралы өзінің стартегиялық бағдарына берік екенін тағы да нақтылай түсті.
Екінші сессияда сарапшылар азаматтық бірігейліктің жаңа концепттерін талқылады. Спикерлердің пайымдауынша заманауи қоғамда қоғамдағы азаматтық бірігейліктің нышандары егеменділік, тәуелсіздік, елдік ұғымдарымен тығыз байланысты. Сондықтан да, жаһандық саяси үдерістің тұрақсыздың аясында біз негізгі құндылықтарымызды сақтап қалуымыз үшін Президентіміз айтқандай: «бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз».