Сарапшылар болжамы: 2026 жылдан Қазақстан не күтеді
2025 жыл Қазақстан үшін цифрландыру, индустрияландыру және экономикалық жаңғыру кезеңі болды. Алдағы 2026 жылға қатысты саясаттанушы мен экономист ел дамуының басты бағыттарын тарқатып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Саясаттанушы пікірі
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимовтың пікірінше, 2025 жыл Қазақстан үшін белсенді трансформация, саяси тұрақтылық және экономикалық өрлеу кезеңі ретінде айқындалды.
Ел дамуының қарқыны цифрландыру үдерістерінің жеделдеуімен, жасанды интеллектті енгізумен, индустрияландыру бағытындағы ірі жобалардың басталуымен, соның ішінде “Балқаш” атом электр станциясының құрылысы арқылы көрініс тапты. Сонымен қатар, білім саласындағы жүйелі реформалар, атап айтқанда “Жұмысшы мамандықтар жылының” жариялануы, көпқырлы дипломатияның күшеюі және экономиканың шикізаттық емес бағытына бет бұру ел дамуының негізгі тіректеріне айналды, - деді сарапшы.
2025 жылы Қазақстан технологиялық жаңғыруға, сыртқы саяси басымдықтарды бекітуге, басқару мен білім беру жүйесін жетілдіру арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ұмтылды. Бұл өзгерістер ішкі жалпы өнімнің 6,4 пайызға өсуінен, инвестициялық белсенділіктің артуынан және экономиканың құрылымдық жаңаруынан анық байқалды.
Экономикадағы негізгі өзгерістер
Оның пікірінше, экономикалық салада 2025 жыл диверсификация үдерістерінің күшеюімен ерекшеленді. Шикізаттық емес сектордың экономикадағы үлесі 60 пайызға жетіп, өңдеуші өнеркәсіп пен жасанды интеллект бағыттары қарқынды дами бастады.
“Жасанды интеллект туралы” Қазақстан Республикасының заңының қабылдануы елдің технологиялық егемендігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Сонымен бірге, өңдеуші өнеркәсіпке, әсіресе шетелдік компаниялар тарапынан инвестиция көлемі артты. Атом энергетикасы саласында “Балқаш” АЭС құрылысының басталуы, жасыл технологиялар мен баламалы энергия көздерін дамытуға басымдық берілуі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жол ашты. Бизнес-климатты жақсарту бағытында кәсіпкерлерге қатысты тексерістер қысқарып, eGov Business платформасы іске қосылды.
Әлеуметтік және білім беру саласындағы серпін
Әлеуметтік салада 2025 жыл “Жұмысшы мамандықтар жылы” аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртумен есте қалды. Жоғары оқу орындарының бизнес құрылымдармен байланысы күшейіп, Қазақстанда 40-қа жуық шетелдік бәсекеге қабілетті университеттердің филиалдары ашылды. Бұл қадамдар еңбек нарығын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге және жастардың практикалық дағдыларын арттыруға бағытталды.
Инфрақұрылым саласында “Келешек мектептері” мен “Жайлы мектептердің” ашылуы, ауылдық жерлерде фельдшерлік тірек пункттерінің кеңеюі білім мен медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырды.
Халықаралық аренадағы белсенділік
2025 жылы Қазақстанның халықаралық деңгейдегі белсенділігі айтарлықтай күшейді. Қытай, АҚШ және Түркияға жасалған маңызды іссапарлар сыртқы саяси байланыстарды нығайтуға ықпал етті. Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінде Тяньцзин декларациясының қабылдануы, БҰҰ Бас Ассамблеясының 80 жылдығы аясында ұйымды реформалау жөніндегі ұсыныстардың енгізілуі Қазақстанның жаһандық процестердегі рөлін арттырды. Сонымен қатар, VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінде Астана бейбітшілік декларациясының қабылдануы еліміздің диалог пен бейбітшілікті қолдайтын мемлекет ретіндегі беделін бекітті.
2026 жылға арналған жоспарлар мен реформалар
Алдағы 2026 жылы Қазақстанда жаңа Салық кодексінің енгізілуімен байланысты ауқымды салық реформасы күтілуде. Бұл реформа арнайы салық режимдерін үйлестіруді, қаржылық аударымдарға бақылауды күшейтуді, әкімшілендірудің сервистік моделіне көшуді және кіші мен орта бизнесті тексеруді шектеуді көздейді. Азаматтар үшін зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылардың 10 пайызға өсуі жоспарланып отыр, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғаларға салықтық жеңілдіктер қарастырылған.
Әлеуметтік салада бірыңғай төлем жүйесі аясында міндетті әлеуметтік аударымдарды төмендету, ал жұмыс берушілер тарапынан міндетті зейнетақы жарналарын арттыру көзделуде. Цифрландыру бағыты бойынша әлеуметтік жеңілдіктерді мақсатты әрі ашық ету үшін цифрлық теңгені қолдану жоспарланып отыр. Экономикалық даму мен инвестиция тарту тұрғысынан бизнесті қолдауға қосымша фискалдық ресурстар бағытталып, шикізаттық емес өнім экспорттаушылар ынталандырылады. Сонымен қатар, Ұлттық банк жанынан мемлекеттік қарыздарды басқару кеңсесін құру және ұлттық қаржылық платформаны дамыту жоспарланған, - деп айтты Жамаладен Ибрагимов.
Сыртқы саясаттағы басым бағыттар
Сыртқы саясатта Қазақстан 2026 жылы инвестиция тарту арқылы әлемдік экономикаға интеграцияны тереңдетуді, транзиттік әлеуетті дамытуды және “Астана” халықаралық қаржы орталығы арқылы ұзақ мерзімді капитал тартуды мақсат етеді. Ел шетелдік инвестиция көлемін ұлғайту, тасымал әлеуетін күшейту және стратегиялық әріптестік арқылы аймақтық экономикалық интеграцияны, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылады.
Экономиканы құрылымдық жаңарту жалғасып, ғылым мен білімге салынатын инвестициялар арқылы ішкі тұрақтылықты сақтау және халықаралық аренадағы позицияларды бекіту көзделіп отыр. 2026 жылы Бішкекте өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу арқылы Қазақстан 2035 жылға дейінгі Даму стратегиясын іске асыруға өз үлесін қосуды жоспарлайды. Экономикалық дипломатияға басымдық беріліп, стратегиялық инвестициялар арқылы ішкі және сыртқы тұрақтылықты арттыру бағытындағы саясат жүйелі түрде жалғасын табады, - деп ойын бөлісті сарапшы.
Экономист пікірі
Ал экономист Бауыржан Ысқақ 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы салыстырмалы түрде тұрақты өсім көрсеткенін айтты. Сондай-ақ сарапшы 2026 жылға болжамын айтты.
Спикердің айтуынша, жыл ішінде өндіріс, инвестиция, құрылыс және қызмет көрсету салаларында айтарлықтай белсенділік байқалған.
2025 жыл Қазақстан үшін қандай болады?
Жалпы 2025 жылдың қорытындысына қарайтын болсақ, Қазақстан экономикасы салыстырмалы түрде тұрақты өсім көрсетті. Өндіріс, инвестиция, құрылыс пен қызмет көрсетудегі белсенділіктер болды. Бірқатар халықаралық институт келесі жылы да өсімнің жалғасатынын айтып отыр. Шамамен экономикалық өсім 4,5-5 пайыз деңгейінде болады деп болжанып отыр, – деді экономист.
Инфляция деңгейі әлі де жоғары болып отыр. Бауыржан Ысқақтың айтуынша, 2025 жылы инфляция 12-13 пайыз деңгейінде қалыптасуы мүмкін, ал 2026 жылы бұл көрсеткіш одан әрі өсуі ықтимал.
Инфляция әлі де жоғары. 2025 жылы 12-13 пайыз, ал 2026 жылы салыстырмалы түрде жоғары деңгейде, яғни 14-15 пайызға дейін жетуі мүмкін, – деді ол.
2026 жылға болжам қандай?
Экономист республикалық бюджеттің жағдайына да тоқталды. Оның айтуынша, 2026 жылы бюджет түсімдері мен тапшылық бойынша белгілі бір оң өзгерістер күтіледі.
2026 жылы республикалық бюджет түсімдері жоспар бойынша 23 триллион теңге деңгейінде болуы керек. Ал бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 2-2,5 пайызы шамасына дейін төмендейді деп есептеліп отыр, – деді Бауыржан Ысқақ.
2026 жылға арналған макроэкономикалық болжамдарға сәйкес, экономикалық өсім қарқыны сақталады, алайда алдыңғы жылдармен салыстырғанда баяуырақ болуы мүмкін.
2026 жылға негізгі макроэкономикалық болжамдарға келетін болсақ, жалпы ішкі өнімнің өсуін Үкімет пен кейбір сарапшылар 4,5-5 пайыз деп болжап отыр. Басқа бағамдар бойынша да өсім 4,5 пайызға дейін болуы ықтимал. Салық реформасының әсерін, сыртқы нарықтағы мұнай бағасын және инфляция динамикасын ескерсек, экономикалық өсім ең төменгі тарихи деңгейге түспейді, бірақ бұрынғы жылдардағыдай жедел қарқын болмауы мүмкін, – деді ол.
Валюта бағамына қатысты болжамдарға тоқталған экономист доллар бағамының өсу қаупі сақталып отырғанын атап өтті.
Доллар қанша болады?
Сарапшылар мен бюджет жобасында көрсетілгендей, 2026 жылы доллар бағамы орташа есеппен 545-550, тіпті 552 теңге шамасында болуы мүмкін. Басқа да болжамдар теңгенің әлсіреуі ықтимал екенін айтады, яғни 600 теңгеге дейін жетуі мүмкін деген пікірлер бар. Қысқа мерзімде, жылдың басында курс белгілі бір тұрақтану кезеңін көрсеткенімен, келесі тоқсандарда доллар бағамының қайта қымбаттауы әбден мүмкін, – деді Бауыржан Ысқақ.
Мұнай қанша болады?
Мұнай бағасына келетін болсақ, Қазақстан экономикасы алдағы жылы да шикізат нарығындағы жағдайға тәуелді болып қала береді.
2026 жылы шикізат нарығында біз мұнай бағасына тәуелді бола береміз. Кейбір халықаралық институттар мұнайдың баррель бағасы 60-65 долларға дейін төмендеуі мүмкін деп отыр. Brent маркалы мұнайдың бұл бағасы Қазақстан бюджетінің экспорттық түсімдері үшін құрылымдық тұрғыда жеткілікті, бірақ жоғары кіріс деңгейін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз, – деді экономист.
Сондай-ақ ол жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерге тоқталды. Экономистің айтуынша, бұл өзгерістер бизнестің әкімшілік жүктемесін азайтуға бағытталған.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, 1 қаңтардан бастап салық есептілігінің көлемі қысқарады, салықтардың саны азаяды, жеңілдіктер оңтайландырылады. Жер, мүлік, көлік және экологиялық төлемдерде өзгерістер болады. Бұл кодекс салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге, инвестициялық климатты жақсартуға және өндірістік белсенділікті арттыруға бағытталады, – деді ол.
Экономист бұл реформалардан бірқатар нақты нәтижелер күтілетінін атап өтті.
Біз бұдан бизнестің тіркеу және есептілікке жұмсайтын күшінің жеңілдеуін, шағын және орта бизнеске қолдаудың күшеюін, мемлекеттік бюджет кірістерінің базасының кеңеюін күтеміз, – деді Бауыржан Ысқақ.
Ол сөз соңында экономикалық болжамдардың жүзеге асуы мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысына байланысты екенін атап өтті.
Барлығы да мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан құрылымдық реформалардың нәтижелілігіне, Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен жұмысына тікелей байланысты, – деп түйіндеді экономист.