Сарапшы жастардың саяси белсенділігі туралы айтты
Әлеуметтанушының айтуынша, жастардың сайлауға қатысу көрсеткіші соңғы жылдары артып келеді, ал 23 тамыздағы Құрылтай сайлауында 18-35 жастағы азаматтар маңызды электоралдық топтардың біріне айналады.
Қазақстанда 18-35 жас аралығындағы жастардың үлесі жалпы электораттың шамамен 30%-ын құрайды. Бұл – шамамен 3,78 млн азамат. Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығының ғылыми жетекшісі, Әлеуметтану институтының директоры, академик, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Зарема Шаукенова жастардың саяси белсенділігі артып келе жатқанын айтып, олардың алдағы Құрылтай сайлауындағы рөліне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
12 тамызда Халықаралық жастар күні аталып өтті. Осыған орай сарапшылар жастардың қоғамдық және саяси өмірге қатысуына ерекше назар аударып отыр.
Зарема Шаукенованың айтуынша, әлемдік тәжірибеде жастардың сайлау процесіне қатысуы әр елде әртүрлі. Дегенмен соңғы жылдары жастардың саяси өмірге араласуын арттыру, дауыс беру жасын төмендету және жастардың сайлану мүмкіндігін кеңейту үрдісі байқалады.
Бүгінде әлемдегі 30 жасқа дейінгі жастар парламент депутаттарының жалпы санының шамамен 2,8%-ын ғана құрайды. Осыған байланысты БҰҰ жастардың саяси процеске қатысуына кедергі келтіретін тосқауылдарды азайтуға бағытталған «Not Too Young to Run» жаһандық науқанын жүзеге асырып келеді.
Сарапшы қазіргі жастардың саяси мінез-құлқында да өзгерістер бар екенін атап өтті. Жастар белгілі бір партияға тұрақты түрде байланып қалудан гөрі, нақты мәселелерге – климаттың өзгеруі, экономикалық тұрақсыздық, әлеуметтік әділеттілік және басқа да өзекті тақырыптарға көбірек мән береді. Сонымен қатар онлайн-белсенділік, петицияларға қол қою, волонтерлік және түрлі азаматтық бастамалар жастардың саяси қатысуының жаңа формаларына айналып отыр.
Қазіргі зерттеулер жастардың саяси мінез-құлқында дәстүрлі дауыс беру нысандары біртіндеп жаңа саяси қатысу тетіктеріне орын беріп келе жатқанын көрсетеді. Жастар белгілі бір саяси партиямен өзін сирек байланыстырады және дауыс беру туралы шешімді көбіне сайлау қарсаңында қабылдайды. Сонымен қатар олар нақты мәселелерге көбірек назар аударады, – деді Зарема Шаукенова.
Қазақстандағы жағдайға тоқталған сарапшы 2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша елде 12 605 788 сайлаушы тіркелгенін атап өтті. Оның ішінде 18-35 жастағы азаматтар шамамен 3,78 млн адамды, яғни жалпы электораттың 30%-ға жуығын құрайды.
Алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауында бұл жас тобы саны жағынан ең ірі әрі электоралдық тұрғыдан маңызды топтардың біріне айналады. Биыл алғаш рет дауыс беру құқығына ие болған жастардың саны 137 мыңнан асады.
Сондай-ақ партиялық тізімдерге 35 жасқа толмаған 74 кандидат енгізілген. Сайлауға қатысуға жіберілген жеті саяси партияның барлығы әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған 30%-дық квота талабын орындаған.
Зерттеу нәтижелері де жастардың сайлауға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Еуразиялық интеграция институтының деректеріне сәйкес, сауалнамаға қатысқан жастардың арасында 2023 жылғы парламенттік сайлауға қатысқанын айтқандардың үлесі 53,4%, 2024 жылғы республикалық референдумда – 63,4%, ал 2026 жылғы республикалық референдумда 75,3% болған.
Жастардың сайлауға қатысуының негізгі себептерінің бірі – азаматтық борыш. Респонденттердің 71%-ы осы факторды атап өткен. Ал 69,6%-ы жүргізіліп жатқан саяси реформалардың маңыздылығын көрсеткен.
Шаукенованың пікірінше, жастардың саяси белсенділігіне білім алу мүмкіндіктерінің кеңеюі, цифрлық ортаның дамуы, әлеуметтік лифтілердің пайда болуы, мансаптық және кеңістіктік мобильділік, тұрғын үй бағдарламалары сияқты факторлар да әсер етеді.
Жастар гранттарға қолжетімділіктің кеңейіп келе жатқанын, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатқанын көріп отыр. Мемлекеттік цифрлық қызметтер мен электрондық сервистердің дамуы да қазіргі ұрпақтың сұраныстарына жауап береді. Президенттік жастар кадр резерві, сондай-ақ Құрылтай мен мәслихаттардағы депутаттық квоталар сияқты жобалар мемлекетке жаңа буын өкілдерінің қажет екенін көрсетеді, – деді ол.
Сарапшы жастардың азаматтық белсенділігі тек сайлаумен шектелмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, волонтерлік қозғалысқа, экологиялық және қайырымдылық жобаларына қатысу, сондай-ақ жергілікті мәселелерді шешуге бағытталған бастамалар жастардың қоғам өміріне белсенді араласқанын көрсетеді.
Жастар өз қалалары мен ауылдарының өмірін жақсартуға, өз өмірі мен болашағын қалыптастыруға белсенді атсалысуда. Идеялар ұсынып, жаңа бастамаларды жүзеге асыра отырып, жастардың өздері өзгерістердің авторына айналуда, – деді Зарема Шаукенова.
Оның пікірінше, жастардың саяси белсенділігін одан әрі арттыру үшін азаматтық білім беруді дамыту, жастарға арналған қоғамдық-саяси институттарды күшейту және олардың шешім қабылдау процестеріне қатысу мүмкіндігін кеңейту маңызды.
Алдағы Құрылтай сайлауында жастардың белсенділігі олардың қоғамдық-саяси үдерістерге деген көзқарасын көрсететін маңызды факторлардың бірі болмақ.