Сарапшы жәрдемақы мен зейнетақының көлемі туралы ойын айтты

Қаржы сарапшысы Гүлнұр Нұрланқызы азаматтарды қаржылай сауатты болуға шақырып, болашағын қазірден ойлауға кеңес берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

“Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар халықтың қажеттілігін өтеуге жете ме?” деген сұраққа сарапшы “жетпейді” деп жауап берді.

Оның сөзінше, еліміз ең аз төлем беріп отыр.

Халық әлеуметтік төлем, жәрдемақыға қарап отыра берсе, жағдайы қиын болады. Оны азық-түлікке, дәрі-дәрмекке жеткізу өте қиын. Яғни бұл төлемдер қазіргі қажеттіліктерімізді толықтай өтемейді деп есептеймін. Бірақ Үкіметтің бере алатыны осы ғана болып тұрғандықтан, бізге табыстың басқа жолдарын іздестіру қажет, - деді сарапшы.

Гүлнұр Нұрланқызы баланы жоспарлаған кезде де табысты ойлап, алдын ала “қалтасын жасауға” кеңес берді. Сондай-ақ сарапшы үйде отырып-ақ қосымша табыс табудың жолын іздеу керегін айтты.

Сонымен қатар зейнетақыға шығуға да дайындалу керек. Себебі оның көлемі де аз. Мысалы, жекекәсіппен айналысатындар зейнетақы қорына ең төменгі соманы төлегісі келеді. Ал ол ертең зейнетақысының аз болып қалатынын ойламайды. Уақытында көрерміз деп ойлайды. Ол қаржылық сауаттың төмен екендігінің бір көрсетшісі. Біз тіпті өмірді, денсаулықты сақтандырмаймыз. Сәйкесінше, ертең бір жағдай болғанда, мемлекеттің ең төменгі жәрдемақысын ғана алып отырады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін өмірді, денсаулықты сақтандырып, зейнетке шығуға көбірек ақша жинасақ, болашақта мемлекет беретін аз ақшаға мұқтаж болып отырмаймыз, - деп есептейді қаржы сарапшысы.

Ол үкіметті жамандай бергенше, өзіміз сөзден іске көшіп, әрекет етуіміз керегін айтты.

Ересек адам ретінде өз өміріміз үшін өзіміз жауаптымыз, - деп айтты Гүлнұр Нұрланқызы.

Бұған дейін Гүлнұр Нұрланқызы «Неге несиесіз өмір сүре алмаймыз?»  және «Тамақты несиеге алу дұрыс па?»  деген сұрақтарға жауап берген болатын.

Сондай-ақ қаржылай сауатты болудың жолдарын да сілтеді.

Сарапшының айтуынша, елімізде бірнеше миллион адам кедейлікте өмір сүріп жатыр.

Сонымен бірге Гүлнұр Нұрланқызы қарыздан құтылудың ең жылдам  жолын айтты.

Бүгін сарапшы “ақшаны қалай және қайда жинауға болады?” деген сұраққа жауап берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архив
Өзгелердің жаңалығы