Сарапшы вакцинацияның адам өміріндегі рөлін атады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі әлемдегі балаларға вакцина егудің жоғары деңгейіне қарамастан, дамыған елдердің де, дамушы елдердің де маңызды проблемаларының бірі әлі де инфекциялық аурулар болып қалып отыр.
Мәселен, жыл сайын әлем бойынша көкжөтелдің 50 миллионға жуық жағдайы және сол аурудан болған өлімнің 300 мыңға жуық жағдайы тіркеледі. Және, өкінішке қарай, ресми статистиканың осындай сесті деректерінің өзі инфекцияның таралуына қатысты нақты мән-жайды қамтып көрсете алмайды. 2009–2018 жылдар ішінде ДДҰ Еуропалық өңірінде дифтерияның 440 жағдайы тіркелген, ал 2015 жылы шамамен жаңадан туылған 34 000 нәресте сіреспеден көз жұмған.
Негізгі қауіп жаңа туған нәрестенің ағзасында мұндай ауруларға қарсы тума иммунитеттің жоқтығы, демек екпе егу – балаларды қауіпті инфекциялардан қорғаудың жалғыз тәсілі.
Бірақкейдеата-аналар вакцина салдырудан бас тартып жатады, олар бала ағзасы әлі тым әлсіз немесе вакцинадан кейінгі иммунитет табиғи иммунитет сияқты тиімді емес деп қауіптенеді.
Бұлайша қауіптенуге негіз бар ма? Әлде мұндай ойлар жай ғана миф па? Осы жайында біздің редакциямызға денсаулық сақтау магистрі, «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының» филиалы «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК директорының жедел қызмет жөніндегі орынбасары Манар Смағұл әңгімелеп берді.
Вакцина егу – қазіргі медицинаның ең үлкен жетістіктерінің бірі. Дәл осы вакциналарды ойлап табу арқылы адамзат табиғи шешек сияқты қатерлі ауруды толықтай жеңіп шыға алды. Полиомиелит, дифтерия, қызылша, қызамық өздерінің ауыр зардаптарымен қорқыта алмайды, өйткені екпе алған пациенттер ол ауруларды әлдеқайда жеңіл көтереді, ал осы инфекциялардан мүгедек болып қалу және қайтыс болу айтарлықтай азайды, - деді сарапшы.
Оның сөзінше, ДДҰ ұсыныстарына сәйкес, қызылшаны жою жөніндегі ғаламдық бағдарлама аясында, оны түп тамырымен жоқ қылу үшін вакциналаумен қамту көрсеткіштерін 95%-дан 99%-ға жеткізу қажет. Әрине, вакцина салуға қарсы көрсетілімдері бар балалар бар, бірақ олардың жұқтырып алу ықтималдығын болдырмау үшін, ондай балалардың айналасындағы адамның барлығы қорғалған және екпе салдырған болуы маңызды.
Объективті себептерсіз және медициналық қарсылықсыз вакцина салдырудан бас тартып жатқан адамдар иммунды емес топты қалыптастырады, сөйтіп инфекцияның таралуына себеп бола отырып, маңайындағы адамдарға қауіп төндіреді. Мысал ретінде Қазақстанда 2005, 2015 және 2018-2019 жылдары қызылша ауруы таралып, соңы өліммен аяқталған жағдайлар тіркелген. 2005 жылы біздің елімізде қызамық та өрши түсті, бұл ауру әсіресе бірінші триместрдегі жүкті әйелдер үшін қатерлі және іштегі баланың дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Жүкті әйел жұқтырған жағдайда баласы есту және көру органдарының бұзылыстарымен, жүрек ақауымен және басқа да патологиялармен тууы мүмкін, - деп айтты Манар Смағұл.
Инфекциялық аурулармен күресте инфекциямен байланыс болған жағдайда ағзаны қорғауды қамтамасыз ететін антиденелердің, өзіндік ақуыздардың болуы маңызды. Антиденелер табиғи жолмен жұқтырудың немесе вакцина егудің нәтижесінде пайда болуы мүмкін. Бірақ табиғи жолмен жұқтырған жағдайда пациенттерде қатты асқынулар болуы, тіпті өлімге апарып соқтыруы мүмкін. Вакциналар ұзақмерзімді иммунитетті қалыптастырады, бірақ ауыр зардаптары мен асқынулар болмайды.
Екпе еккеннен кейін иммунитет пайда болмайтын жағдайлар да кездеседі. Әдетте, бұл ағзаның ерекшеліктерімен байланысты, бірақ мұндай жайт өте сирек. Жыл сайын біздің елімізде вакциналардың толық курсын алған балалар арасында көкжөтелдің 3-4 жағдайы тіркеледі. Тіпті солай болған күннің өзінде, вакцина салдырғандарда ауру әлдеқайда жеңіл өтеді, ал сауығу кезеңі вакцина алмаған балалармен салыстырғанда тезірек жүреді.
Атап өткім келетін тағы бір сәт – екпелерді уақытымен алу. Бала қажетті вакциналарды неғұрлым уақытылы алатын болса, онда инфекцияларға қатысты иммундық жауап соғұрлым ерте пайда болады. Әрине, әрбір ата-ана үшін өз баласының саулығына сенімді болу өте маңызды. Сол себепті Қазақстанда вакциналарға, оның ішінде иммундаудың кеңейтілген бағдарламасының аясында пайдаланылатын вакциналарға өте жоғары талаптар қойылатынын баса атап өткім келеді. Бүгінде вакциналар жетекші өндірушілерден, оның ішінде Sanofi Pasteur, Pfizer, GSKжәне басқалардан сатып алынады, - дейді ол.
Сөзінше, біздің елімізде қолданылатын барлық вакцинаны ДДҰ мақұлдаған. Бұған қоса, Қазақстан Орталық Азияда алғашқы болып құрамдастырылған вакциналарды енгізді, соның арқасында бала бір рет салдырған вакцинамен бірнеше инфекциядан бірден қорғана алады. Мұндай вакциналар балалар мен ата-аналар үшін өте қолайлы.
Ұлттық екпелер күнтізбесіне сәйкес, сәби 2 және 4 айларында 6 инфекциядан, 3 және 18 айларында – тағы 5 инфекциядан қорғалады. Вакцина салу схемалары бірінші кешенді де, сол сияқты ревакцинацияны да толыққанды қорғау функциясымен қамтамасыз ету үшін дәл сол ауруларға қарсы қайтадан екпе егуді де қамтиды. Бұған қоса, құрамдастырылған вакциналар моношприцтерде шығарылады.
Мен мұны үлкен прогресс деп санаймын. Біздің вакцина егудің ұлттық күнтізбесі барлық халықаралық стандартқа сәйкес келеді. Ал вакциналардың сапасы екпені жекеменшік клиникаларда салдырсаңыз да,мемлекеттік емханаларда салдырсаңыз да өте жоғары деңгейде. Сонымен қатар егер көкжөтел сияқты аурудың алдын алу туралы айтар болсақ, Қазақстанда 2013 жылдан бері жасушасыз вакциналар қолданылады. Олардың реактогенділігі төмен, бұл тіпті тұтасжасушалы вакцина салдыруға қарсы көрсетілімдері бар, не сақтықпен салынуы тиіс болған балаларға да егуге мүмкіндік береді, мысалы, гидроцефалиясы бар балалардың, церебралды сал ауруы бар және орталық жүйке жүйесінің басқа да органикалық зақымдарына шалдыққан, дамуында ақаулары, созылмалы патологиясы бар балаларға салуға болады. Кейбір жағдайларда жасушасыз вакцинаны пайдалану вакциналаудан кейінгі жағымсыз құбылыстар туындаған жағдайда да көкжөтелге қарсы вакцина егуді жалғастыруға мүмкіндік береді. Сол сияқты, жасушасыз вакциналарды ревакцинациялауды жүргізу үшін пайдалану, мысалы, жасөспірімдік жаста, үшінші триместрдегі жүкті әйелдерде, сондай-ақ созылмалы бронх-өкпе патологиясы бар адамдарға салуға болады, - деп толықтырды сарапшы өз сөзін.
Вакцина егуі рұқсат етілетін медициналық персоналдың міндетті түрде алдын ала Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарымен регламенттелген оқудан өтетіндігі де өте маңызды. Сондай-ақ әр ата-ана вакцина салдырар алдында медицина қызметкерінің вакцина салу мәселелері бойынша оқудан өткені туралы сертификатын сұрай алады.
Түйіндей келе, вакцина егуден кейін туындайтын кез келген күтпеген реакциялар вакцинаға қоса берілетін нұсқаулықта сипатталып жазылатынын айтқым келеді, бірақ асқынулар балада бейімділік болған жағдайда туындауы мүмкін. Жалпы балалар денсаулығын сақтауда вакциналаудың пайдасына шешім қабылдаудың артықшылығы шүбәсіз екенін түсіну маңызды, өйткені олар миллиондаған өмірлерді құтқарып қалады.