Сарапшы табысты экономиканың басты кедергісін атады
2029 жылға дейін Қазақстанның ішкі жалпы өнімін екі есеге арттыру – ел Үкіметінің басты экономикалық міндеттерінің бірі. Сарапшылар бұл мақсатқа жету үшін тек жоспар құрып қана қоймай, экономиканың түпкі проблемаларын шешу қажет екенін алға тартады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Экономист Ғалымжан Айтқазиннің айтуынша, бағаның нарықтық жолмен емес, мемлекеттік араласумен қалыптасуы экономикаға кері әсер етеді.
Қазақстан экономикасында бағаны қандай да бір жолмен ұстап тұрып, оны нарықтық қалыпта пайда болуына жол бермесеңіз, төмен бағаны қолдау үшін ақша жұмсайсыз. Бұл экономиканың әлеуетін дамытуға кедергі болады. Ең алдымен, мұндай жағдайда жеке капитал тартылмайды. Ал кез келген экономикалық өсім қаржы көздерін қажет етеді, – дейді сарапшы.
Ол бүгінгі реформалардың негізі берік болса, ертеңгі нәтижесі де тұрақты болатынына сенеді.
Біз шын мәнінде табысы жоғары экономикаға жақындадық. Бірақ бізді толыққанды дамыған мемлекет деп атауға мүмкіндік бермейтін, көзге көрінбейтін «шыны төбе» бар. Оны бұзып шығу үшін бүгіннен бастап құрылымдық дисбаланстарды жою қажет. Бүгін қаланған іргетас – болашақ ұрпақ пен көшбасшылар үшін мықты негіз болмақ, – дейді Айтқазин.
Сарапшының пікірінше, ЖІӨ-ні екі еселеу үшін тек макроэкономикалық көрсеткіштер емес, бизнеске еркіндік пен сенімді инвестициялық климат қажет.