Сарапшы: Соғыс Қазақстанның мұнай экспортына қауіп төндіріп тұр

Соңғы уақытта Қазақстанның негізгі мұнай артериясы – Каспий құбыр консорциумы (КТК) құбырына қауіп төніп тұрғанын BAQ.KZ редакциясының "15 минуттық экономика" жобасында экономист Айбар Олжай айтты.

Ресей мен Украина арасындағы соғыс ақырындап біздің экспортқа мұнай тасымалдау болашағымыздың табалдырығына келіп тұрған сияқты. Себебі Украинаның Ресейдегі "Дружба" құбырының учаскілерін атқылап жоюы, ал Ресейдің өз кезегінде Украинадағы Әзірбайжанның SOCAR ұлттық компаниясының мұнай-газ терминалдарына соққы беруі осы екі ел арқылы өтетін экспорттық құбырлардың болашағына қауіп төндіріп тұрғаны анық. Ондағы жаман жері ең зардап шегетін ел Қазақстан болатын. Себебі "Дружба" да, КТК да осы Ресейдің территориясында орналасқан, - деді маман.

Айбар Олжай КТК құбырына бірдеңе бола қалған жағдайда Қазақстан жылда экспортқа шығарып жүрген мұнайын сол күйі сақтап қала ала ма, әлде экспорты тоқтап, табыстан айрыла ма деген қауіп барын айтты. Сарапшы қауіпті былтырғы мұнай статистикасына сүйеніп негіздеп берді.

2024 жылы еліміз шамамен 88 миллион тонна қара алтын өндірді. Оның 69 миллион тоннасын экспортқа шығардық. Сонда ішкі нарыққа 19 миллион тонна мұнай бердік. Экспортқа шығатын мұнайымыздың шамамен 80 пайызы КТК құбыры арқылы жүрді, - деді ол.

Экономист КТК құбырын ауыстыру үшін Қазақстанға 55 миллион тонна мұнайды басқа құбыр арқылы тасымалдау жолын табу керек екенін жеткізді.

Егер "Ескене-Құрық" мұнай құбырын салсақ, біз Каспийге 20 миллион тоннаны танкерлерге шығара аламыз. Шығардық дейік. Бірақ енді әңгіме оны қай құбырға құямыз деген болып тұр. "Баку-Тбилиси-Джейхан" құбыры дәл қазір Қазақстанның жылына 20 миллион тонна мұнайын тасуға дайын емес. Себебі ол жақтағы 60 миллион тоннаның негізгісін Әзірбайжан алып отыр. Ол құбыр Әзірбайжанның мұнайына лайықталған құбыр еді, - деді сарапшы.

Айбар Олжай "Баку-Тбилиси-Джейхан" құбыры арқылы мұнай тасымалдау үшін инвестиция салып, қосымша қуатын өз күшімізбен арттыруымыз керегін айтты. Алайда оған қыруар қаржы керек.

КТК құбыры осы күйінде тұра берсе, бізге КТК арқылы тасымалдау шамамен 3 есе арзан болып отыр. Себебі Каспий арқылы танкерге құю керек. Танкерден тағы да жаңағы "Баку-Тбилиси-Джейхан" құбырына құю керек. Оның бәрі қымбат, - деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанның экономикасы әлі де мұнай мен шикізат ресурстарына тәуелді. Мұндай жағдайда ұлттық валюта да жиі құбылады. Теңгені қалай күшейтуіміз керек? Оған қандай факторлар әсер етеді? Осы сауалдар аясында BAQ.KZ тілшісі сарапшылардың ойын білген болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы