Санақ-2021: Цифрлық технологиялар кеңінен қолданылмақ – сарапшы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл елімізде халық санағы өтеді. Тәуелсіздік тарихындағы маңызды оқиға кім-кімді болсын бей-жай қалтырмасы анық. Осыған орай ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Мадина Бектенованың пікірін білген едік.
Осы күзде елімізде кезекті ұлттық халық санағы өтеді және ол цифрлық технологияларды кеңінен қолдана отырып жүргізілетін болады. Қоғамда, әсіресе әлеуметтік желілерде санақ жүргізудің қажеттігі туралы көптеген сұрақтар қойылып жатыр. Осы ретте, БАҚ беттерінде жүргізіліп жатқан апараттық-түсіндіру жұмыстарын да ерекше атап кеткен жөн. Оның үстіне, санақ туралы көбірек білгісі келіп, ізденемін деушілер үшін sanaq.gov.kz ресми сайтында қажетті ақпарат үздіксіз жариялануда, – дейді саясаттанушы.
Ол «алдағы халық санағының құндылығы неде?» деген сауалға жауап іздеп көргенін айтады.
Халық санағы елдің ұлттық статистикалық жүйесінің құрамдас және ажырамас бөлігі. Халықтың және оның тұрғын үй жағдайлары туралы деректердің негізгі көзі. Негізінен санақты өткізу арқылы Қазақстан Республикасының халқы бойынша нақты ахуалды біліп қана қоймай, демографиялық, әлеуметтік және саяси өмірдің көптеген аспектілері бойынша ахуалды болжауға мүмкіндік аламыз, – дейді Мадина Бектенова.
Мәселен, ол экономика мен бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау мен дамыту үшін халық санағының ақпараттық деректері қажет екенін баса айтты.
Олар тұрғын үй салу және бөлу жөніндегі, демографиялық және көші-қон процестері жөніндегі, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала жөніндегі бағдарламаларды дамытуға және жұмыс орындарын құруға көмектеседі. Ал бизнес үшін – түпкілікті тұтынушы туралы маңызды және нақты көрініс береді. Осыған байланысты Ұлттық халық санағына қатысатын әрбір азамат мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлауға және әзірлеуге өзінің елеулі және құнды үлесін қосатынын аса жауапкершілікпен түсініп, санақ сұрақтары бойынша шынайы әрі нақты жауаптарды бергені абзал, – дейді сарапшы.
Еліміздегі 2021 жылғы санағының ұраны – «Қазақстанда әркім маңызды!».
Бұл да санақ өткізудің маңыздылығының белгісі. Яғни, санақтың басты міндеті – жалпыға бірдей қамту және байтақ жеріміздің әрбір әкімшілік-аумақтық бірлігінің халқы туралы әртүрлі ақпаратты жинау. Сонымен бірге бұл ақпараттың баламасыз көзі болғандықтан, оны дұрыс (қауіпсіз) сақтау әрі талдау да маңызды, – дейді Мадина Бектенова.
Сонымен қатар ол биылғы санақтың бірқатар жаңашылдықтары бар екенін атап өтті.
Санақты екі әдіспен (комбинациялық түрде) өткізу жоспарланған: біріншіден, интернет арқылы sanaq.gov.kz сайтында сауалнама жүргізу. Сондай-ақ egov.kz электронды үкімет платформасында электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолданып, санаққа қатысуға болады. Статистика бюросының алдын ала болжамы бойынша халықтың 30%-ы, яғни шамамен 6 млн азамат онлайн санақтан өтуі мүмкін. Екіншіден, қажетті санитариялық нормаларды сақтай отырып, дәстүрлі аралау арқылы санақ жүргізу. Осындай санақ онлайн-сауалнамаға қатыспаған азаматтар арасында жүргізіледі және мәліметтер дереу планшетке жүктелетін болады. Планшетті пайдалану санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН-ды енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңсе құралдарын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді, – дейді сарапшы.
Сондай-ақ ол 2009 жылғы санақпен салыстырғанда 2021 жылғы ұлттық санақ кезінде сұрақтар көлемі ұлғайтылып, барлығы 87 сұрақ (негізгі 67 сұрақ және оған қосымша 20 нақтылаушы сұрақ) қойылатынын айтады.
Биылғы санақта көші-қон, еңбекпен қамту, неке жағдайы, бала туу және тіл білуі бойынша сұрақтар аясы кеңейтілген. Сондай-ақ БҰҰ-ның мүгедектік статистикасы жөніндегі Вашингтон тобы ұсынған жаңа сұрақтар қосылды, мұнда мүгедектік өлшемшарттарын ескеріп, денсаулық сақтау статистикасы аясында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ету көзделген. Бұл мәліметтер де өз кезегінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік реформалар мен бағдарламаларды жетілдіруге өз үлесін қосатыны анық, – дейді Мадина Бектенова.
Сонымен қатар сарапшы «пандемия жағдайына байланысты санақ кезінде вакцина алған интервьюерлер жұмысқа тартылады және олар жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілетін болады» дейді.