Сарапшы: «Рақымшылық жасау туралы» заң - мемлекеттің гуманистік актісі
Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Елдос Жұмағұлов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Рақымшылық жасау туралы» заңды Парламент депутаттары Мемлекет басшысының қыркүйектегі Жолдауында айтқан тапсырмасы негізінде әзірледі. Жалпы, Қаңтар трагедиясына қатысқан адамдарды бірнеше топқа бөлуге болады. Біріншісі – арандатушылыққа барып, арнайы мақсатпен бүлік ұйымдастырғандар. Екіншісі – бүлдіремін деп ойламай, еліктеу арқылы топтың ықпалымен әрекетке барғандар. Ал үшіншісі – бейбітшілік жолмен, ешқандай заң бұзушылыққа бармаған адамдар, - деп түсіндірді сарапшы.
Сондай-ақ ол рақымшылықтың кімдерге қолданылатынына тоқталып өтті.
Рақымшылық заң бұзушылықтарға барып, бірақ сол әрекеттерін мойындаған тұлғаларға қатысты болады. Яғни әрекеттерін мойындап, мойнына алатын болса, сол адамдарға рақымшылық жасалуы мүмкін. Ал арандатушылық жасап, террористік немесе экстремистік әрекеттерге барған тұлғалар рақымшылыққа ілікпейді. Егер тұлға өзінің заң бұзушылыққа барғанын мойындамаса, «Рақымшылық жасау туралы» заң ол азаматқа жұмыс істемейді. Соттың шешімі бойынша жазаланады немесе ақталуы мүмкін. Оны сот шешеді. Қаңтар оқиғасына қатысты 5 мыңға жуық қылмыстық тіркелгені белгілі. Сол бойынша 1600 адам жауапкершілікке тартылады. Соның 1500-і рақымшылыққа ілінеді деп күтіліп отыр. Біздің азаматтар оларға қатысты мемлекет тарапынан жасалып отырған гуманистік акті. Ақтау емес, бұл – жазадан босату, - деді институттың аналитик-менеджері.
Еске сала кетейік, Сенат Қаңтар оқиғасына қатысқандарға қатысты бірреттік «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасын қабылдаған болатын. Аталған заңға бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.