Бүгiн 2026, 11:38 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Сарапшы: Қазақстанда қосымша құн экономикасы қалыптаса бастады

Алғашқы төрт айда машина жасау, фармацевтика, химия және жеңіл өнеркәсіп жоғары өсімге қол жеткізген.

Қазақстан экономикасында соңғы жылдары жиі айтылып жүрген, бірақ нақты нәтижесі көп байқала бермейтін өңдеу өнеркәсібі биыл алғаш рет айқын өсім көрсетті. Машина жасау, фармацевтика, химия және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы жоғары қарқын ел экономикасының біртіндеп шикізатқа тәуелді модельден алыстап, қосымша құн қалыптастыратын бағытқа бет бұра бастағанын аңғартады. Экономист Айбар Олжай елімізде қосымша құн экономикасы қалыптасып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Экономиканың жаңа тірегі – өңдеу өнеркәсібі

Айтуынша, Үкімет өнеркәсіптегі бағдарламалардың алғашқы жемісін жеуде.

Биылғы экономикадағы алғашқы төрт айдың нәтижесі шықты. Одан біз іштей күткен бір картинаны көре алдық. Үкіметтің бұған дейін өңдеу өнеркәсібіне күш салып келген көптеген жұмысы мен түрлі бағдарламаларының алғашқы жемісі шынымен де пайда болған. Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректері бойынша, 2026 жылғы қаңтар-сәуір айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3,6 пайызға өскен. Енді оның ішкі құрылымына қарасақ, осы серпінді өнеркәсіп саласы алып келгенін көреміз. Төрт айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өндіріс оң аймаққа шығып, нақты көлем индексі 102,1 пайызды құраған, - деп атап өтті сарапшы.

Ал оның ішінде басты өсуді өңдеу секторы беріп отыр. Өткен төрт айда өңдеу өнеркәсібі 9,9 пайызға өскен. Сарапшының пікірінше, бұл өте жоғары көрсеткіш.

Қазақстанда машина жасау қарқын алды

Айта кетерлігі, бұл өсімнің ішінде машина жасау саласының орны ерекше.

Қаңтар-сәуір айларында машина жасау 23,3 пайызға артты. Мұндай өсім көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы техникасын, теміржол техникасын, электр тауарлары мен жабдықтарын шығару көлемінің ұлғаюымен байланысты. Машина жасау қарапайым өндіріс емес, өнеркәсіптің күрделі әрі технологиялық саласы, - деді Айбар Олжай.

Ол егер ел ішінде техника, жабдық, көлік құралдары көптеп шығарыла бастаса, бұл өндірістік базаның тереңдеп келе жатқанын білдіреді деп отыр

Әлсіз сала енді өсім көрсетіп жатыр

Белгілі болғандай, жеңіл өнеркәсіптің 2,3 есе өсуі тіркелді. Айта кетерлігі, бұл сала бұрын көбіне әлсіз буын ретінде қабылданып келген еді.

Ал қазір оның жоғары қарқын көрсетуі ішкі нарықта киім-кешек, тоқыма, тұрмыстық тауарлар өндірісіне сұраныс бар екенін көрсетеді. Бұл жерде тек экономикалық емес, әлеуметтік мағына да бар. Жеңіл өнеркәсіп көп жұмыс орнын құра алады. Бұл әсіресе өңірлер үшін маңызды, - дейді экономист.

Сондай-ақ жиһаз өндірісінде де өсім байқалған. 

Жиһаз өндірісінің 41,7 пайызға өсуі импортқа қарағанда одан арзан және адаптивті жергілікті корпусты жиһазға деген сұраныстың күшейгенімен байланысты сияқты. Құрылыс жүрсе, тұрғын үй көбейсе, кеңселер мен әлеуметтік нысандар салынса, жиһазға сұраныс та артады. Бұл бір саланың екінші саланы қалай сүйрейтінін көрсететін нақты мысал. Экономикада мұны мультипликативті әсер деп атайды, - деп түсіндірді спикер. 

Қарапайым тілмен айтқанда, бір сала қозғалғанда, оның айналасындағы басқа өндірістер де бірге қозғалады.

Фармацевтика мен химияда үлкен серпіліс бар

Тағы бір көңіл көншітерлік жайт – фармацевтикадағы 35,2 пайыздық өсім жақсы жаңалық болып отыр.

Бұл өте технологиялық бағыт. Дәріге сұраныс ешқашан төмендемейді. Нарық әрқашан тұрақты. Оған қоса химия өнеркәсібінің 18,4 пайызға өскені анықталды. Химия саласы тыңайтқыштан бастап, пластик, тұрмыстық химия, өндірістік реагенттерге дейін көптеген өнім түрін қамтиды, - деп атап өтті Айбар Олжай.

Пайымдауынша, аталған саланың дамуы ауыл шаруашылығына да, құрылысқа да, экспортқа да әсер етеді.

Қазақстан шикізаттан біртіндеп алыстап келеді

Жалпы, төрт айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасындағы өсім бірнеше негізгі сектор есебінен қалыптасып отыр.

Құрылыс 114,5 пайызға, көлік және қоймалау 112 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 109,9 пайызға, сауда 105,1 пайызға, ауыл шаруашылығы 103,6 пайызға өсті. Бұл жерде ең маңыздысы, өсім тек бір ғана шикізат секторына байланбаған. Керісінше, экономиканың нақты, ішкі сұранысқа және өндірістік белсенділікке сүйенетін салалары алға шығып келеді, - дейді Айбар Олжай.

Сарапшының мәлімдеуінше, шикізатқа сүйенген экономика – дамудың бастапқы кезеңі ғана. Ал келесі сатыда елдің табиғи байлықты жай экспорттауы емес, оны өңдеп, дайын өнімге айналдыра алу қабілеті шешуші рөл атқарады. Осы тұрғыдан алғанда, өңдеу өнеркәсібіндегі қазіргі өсім Қазақстан экономикасының жаңа модельге бет бұра бастағанын көрсетеді. Мұны соңғы ондаған жылдағы ең маңызды экономикалық өзгерістердің бірі деп бағалауға болады. 

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан экономикасының өсімі жеделдегені, өңдеу өнеркәсібі 9,9%-ға артқаны хабарланды. 

Тағы оқи отырыңыздар: Қазақстан экономикасы өндіріс бағытына бет бұрды ма? – Экономист пікірі