Сарапшы: Қазақстанда мемқарыз төмен, бірақ инфляция жоғары
Bank of America (BofA) есебіне сәйкес, Қазақстан EEMEA (Europe, the Middle East and Africa) аймағындағы ең жылдам өсіп келе жатқан он экономиканың қатарына енді. Елдің ЖІӨ өсімі 5,7% деңгейінде бағаланып, 45 елдің ішінде 10-орынға жайғасты. Салыстырмалы түрде Чехия – 39-орын (1,9%), Польша – 23-орын (3,3%), ал Өзбекстан – 9-орында (5,9%) тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ экономист Эльдар Шамсутдиновке сілтеме жасап.
Фискалдық жағдайы салыстырмалы түрде қолайлы. Бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің минус 2,7%-ын құрайды (16-орын). Бұл Польшаға қарағанда жақсы (38-орын, минус 6,2%) немесе Румыниядан да жақсы (41-орын, минус 8,5%). Мемлекеттік қарыз деңгейі бойынша Қазақстан 2-орында, бар болғаны 20,4% ЖІӨ. Ол тек Кувейттен кейін тұр. Тіпті қарыздың бюджет кірістеріне қатынасы (145%, 17-орын) тұрғысынан да тұрақтылық жоғары.
Қазақстанның әлсіз тұсы – инфляция. 10,4% көрсеткішпен Қазақстан 37-орында, яғни баға өсімі ең жоғары елдердің қатарында. Салыстыратын болсақ, Әзербайжан – 33-орын (5,7%), Армения – 19-орын (3,2%), Парсы шығанағы елдерінде инфляция 1–2% деңгейінде сақталып, алғашқы ондыққа енген.
Сыртқы баланс та қысымда. Қазіргі шот тапшылығы ЖІӨ-нің минус 3,4%-ына тең (27-орын). Бұл Әзербайжаннан (3-орын, профицит +7,8%) және Катардан (2-орын, +10,8%) әлдеқайда төмен.
Орталық Азия елдерімен салыстырғанда Қазақстан балансты сақтай білген. Мысалы Өзбекстан – өсім бойынша 9-орын, инфляцияда – 36-орын, бірақ қарызы жоғарырақ (33% ЖІӨ, 8-орын). Армения – өсімде 13-орын және қарызда 23-орын, бірақ бюджет тапшылығы бойынша 36-орында. Ал Парсы шығанағының мұнай экспорттаушыларының фонында Қазақстан баға тұрақтылығы мен сыртқы шоттарда ұтылып отыр, бірақ қарыз көрсеткіштерінде күшті позиция сақтап тұр.
Яғни Қазақстанның профилі мынадай: қарқынды өсім (10-орын) және төмен қарыз (2-орын), бірақ жоғары инфляциялық тәуекелдер (37-орын) мен орташа сыртқы баланстың болмауы (27-орын).
Бұл Қазақстанды инвесторлар үшін тартымды етеді, бірақ ескеретін келесідей жағдайлар бар. Атап айтқанда инфляция төмендеп, қазіргі шот жақсарғанға дейін тәуекелдік сыйақы жоғары болып қала бермек.