Сарапшы: Қазақстан тарихын өткен ғасырдағы қиындықтармен ғана өлшемеу керек
Қазақстанның тарихына құрметпен қарау маңызды. Алайда елдің тарихи санасы мен қоғамның психологиясын өткен ғасырдағы қиындықтармен ғана шектеп бағалауға болмайды. Бұл туралы заңгер, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Нұрғазы Әнуәрбеков айтты.
Сарапшының пікірінше, Қазақстанның қазіргі Конституциясының преамбуласында ел тарихының терең тамырына құрмет көрсетілген. Дегенмен тарихи сананы қалыптастыру кезінде өткен ғасырдағы қайғылы кезеңдерге ғана назар аудару қоғамның болашаққа деген көзқарасына кері әсер етуі мүмкін.
Біздің қазіргі Конституциямыздың преамбуласы тарихымыздың тереңде екенін айта отырып, тарихқа құрмет көрсетеді. Бірақ біздің тарихымызды, біздің психологиямызды қабылдау үдерісін өткен ғасырмен ғана өлшемеу керек, – деді Нұрғазы Әнуарбеков.
Оның айтуынша, өткен ғасырда Қазақстан халқы түрлі қиындықтар мен тарихи сынақтарды бастан өткерген. Оларды ұмытпау қажет, алайда қоғамның сол кезеңдердегі жарақаттармен шектеліп қалмауы маңызды.
Өткен ғасырда түрлі жағдай болды, түрлі қиындықтар болды. Бірақ травмаланған психологиядан кету керек. Өзіңіз білесіз, психологиялық травмада жүрген адам болашақ туралы ойлай алмайды. Ол сол мұңды күйде жүреді, – деді сарапшы.
Нұрғазы Әнуарбеков қазіргі жастардың тарихи қиындықтардың салмағында қалып қоймай, болашаққа ұмтылуы қажет екенін атап өтті.
Сондықтан қазіргі жастарды сондай деңгейде қалдырмай, жасампаздыққа, дамуға, ілгерілеуге итермелеу үшін айтылған ой деп санаймын, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, тарихи жады мен өткенге құрмет сақтала отырып, қоғамның назарын болашаққа, даму мен жасампаздыққа бағыттау маңызды. Бұл әсіресе жаңа буынның дүниетанымын қалыптастыруда айрықша мәнге ие.