Сарапшы: Қазақстан мен Әзербайжан Орта дәліздің өзегіне айналды
Қазақстан мен Әзербайжан стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтерілді. Сарапшылардың пікірінше, екі елдің өзара ықпалдастығы көлік, энергетика және цифрлық даму бағыттарында өңірлік интеграцияның өзегіне айналып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азия зерттеулері бөлімінің басшысы Айдар Құрмашевтің пікірінше, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы саяси қатынастар бүгінде жоғары деңгейде дамып келеді.
Екі ел арасындағы диалог тұрақты түрде жалғасып, ортақ саяси көзқарас пен стратегиялық мақсаттар қалыптасуда. Бұл – ұзақ мерзімді серіктестіктің сенімді негізі, – дейді сарапшы Айдар Құрмашев.
Мемлекеттер сыртқы саясатта ұқсас қағидаттарды ұстанады – егемендікті құрметтеу, ашықтық және өзара тиімді ынтымақтастық. Сарапшының айтуынша, бұл ұстанымдар Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) мен БҰҰ сияқты халықаралық алаңдарда бірлескен қадамдарды үйлестіруге мүмкіндік береді.
Экономикалық бағыттағы байланыстар да қарқынды дамып келеді.
Қазақстан мен Әзербайжан көлік, логистика, энергетика және цифрлық технологиялар салаларында серіктестікті күшейтуде. Кедендік жүйелерді үйлестіру – экономикалық интеграцияның жаңа кезеңіне жол ашады, – деп атап өтті Құрмашев.
Сарапшының пікірінше, тараптар енді сауданың көлемін арттырудан гөрі, бірлескен өндірістік тізбектер мен инвестициялық жобаларға басымдық беріп отыр. Бұл өз кезегінде қос елдің технологиялық және экономикалық әлеуетін арттырады.
Орта дәліз бүгінде Еуропа, Орталық Азия және Қытайды байланыстыратын маңызды бағытқа айналды. Қазақстан мен Әзербайжан осы жаңа геоэкономикалық архитектураның өзегінде тұр, – дейді сарапшы.
Ақтау және Баку порттарын дамыту, теміржол инфрақұрылымын жаңғырту және транзитті цифрландыру өңірдің бірыңғай логистикалық экожүйесін қалыптастыруда.
Бұл бастама дәстүрлі бағыттарға тәуелділікті азайтып, елдердің транзиттік әлеуеті мен экономикалық егемендігін нығайтады. Орта дәліз – бұл біздің аймақтың өзіндік дербес даму жолы, – деп түйіндеді Құрмашев.
ТМҰ аясындағы байланыстар жаңа серпінге ие болуда.
Түркі мемлекеттері ұйымындағы өзара іс-қимыл енді тек мәдени-тілдік деңгейде емес, нақты экономикалық және технологиялық серіктестікке негізделіп келеді, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Әзербайжан төрағалық етіп отырған ұйымның күн тәртібінде технологиялық даму мен инновацияны алға жылжыту тұр. Ал Қазақстан гуманитарлық, ғылыми және экономикалық бағыттарды күшейту арқылы теңгерімді аймақтық күн тәртібін қамтамасыз етуде.
Болашақта серіктестікті нығайту үшін жекелеген келісімдерден институционалдық форматтарға көшу маңызды. Бұл инвестициялық ережелерді үйлестіруді, энергетикалық және цифрлық стратегияларды тоғыстыруды көздейді, – дейді Құрмашев.
Сарапшының пікірінше, мұндай қадамдар Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказды байланыстыратын ортақ экономикалық кеңістік құруға мүмкіндік береді.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің алдағы Қазақстанға ресми сапары – екі елдің жаңа кезеңге аяқ басқанының айқын көрінісі. Бұл сапар көлік, жасыл технологиялар және цифрландыру салаларында жаңа экономикалық бастамаларды бастауға мүмкіндік береді, – деп қорытындылады Айдар Құрмашев.