Сарапшы Қазақстан экономикасын өзгерте алатын ресурсты атады
Қазақстанда жерасты суын тиімді игеру ауыл шаруашылығы, өндіріс және ауызсу жүйесіне жаңа мүмкіндік ашады.
Қазақстанда жерасты суын тиімді пайдалану ел экономикасының жаңа кезеңіне жол ашуы мүмкін. Бұл туралы «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметінің басқарма төрағасы Болат Бекнияз мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда 4 мыңнан астам жерасты су кен орны бар, алайда олардың әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отыр.
Болат Бекнияздың сөзінше, қазіргі таңда Қазақстанда жерасты суының қоры бар болғаны 7-10 пайыз көлемінде ғана игеріліп жатыр.
Қазір жерасты суы ең алдымен ауызсу жүйесінде көбірек қолданылады. Атап айтқанда, елдегі ауызсудың шамамен 40 пайызы жерасты суы есебінен қамтамасыз етіледі. Суармалы жерлерде жерасты суын пайдалану деңгейі небәрі 0,7 пайыз. Яғни бұл бағыт іс жүзінде әлі толық іске қосылмаған, - деді ол.
Ұлттық гидрогеологиялық қызмет басшысы қазіргі таңда Үкіметтің тапсырмасымен жерасты суын кешенді басқару және пайдалану тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын айтты.
Бұл құжатта жерасты суын қалай басқару керек, оны қай салаларда тиімді пайдалану қажет және қандай іс-шаралар жоспары жүзеге асуы тиіс екені қамтылады.
Оның сөзінше, құжат жыл соңына дейін дайын болуы тиіс.
«Жерасты суы тек ауызсуға ғана керек емес»
Болат Бекнияз жерасты суының маңызы тек ауызсумен шектелмейтінін атап өтті.
Оның айтуынша, бұл ресурс ауызсу жүйесінде, суармалы егіншілікте, жайылымдарды суландыруда, мал суаруда, өнеркәсіпте және термалды және бальнеологиялық мақсатта пайдаланылуы мүмкін.
Жерасты суы Қазақстан экономикасында өте үлкен рөл атқара алады, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда бұл саланы қайта жандандыру үшін Президент тапсырмасымен Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылды.
Жаңа құрылымның негізгі мақсаты – гидрогеология саласын қайта дамыту және жерасты суын тиімді пайдалануға басымдық беру.
Осыған байланысты Қазақстанның әр өңірінен гидрогеология саласының мамандары жиналып, арнайы жұмыс тобы құрылған. Қазір олар жаңа тұжырымдаманы талқылап жатыр.
Форумда гидрогеологияға арналған арнайы сессия өтеді
Болат Бекниязтың айтуынша, форум аясында гидрогеологияға арналған арнайы сессия өтеді. Онда салаға қатысты өзекті мәселелер жан-жақты қаралады.
Сондай-ақ, Қазақстан бұл бағытта Орталық Азия елдерімен және халықаралық ұйымдармен тәжірибе алмасуды көздеп отыр.
Ұлттық гидрогеологиялық қызмет басшысы халықаралық тәжірибеге де тоқталды.
Оның мәліметінше, Дания ауызсу қажеттілігінің 100 пайызын жерасты суы арқылы қамтамасыз етеді, Нидерланд бұл бағытта 70 пайызға жуық көрсеткішке ие, ал Еуропалық одақ елдері ауыз судың 60-70 пайызын жер асты суы есебінен пайдаланады.
Оның пікірінше, бұл - Қазақстан үшін де маңызды тәжірибе.
Неге жерасты суы болашақ үшін маңызды?
Болат Бекнияз жерасты суларының болашақта аса маңызды болатынын бірнеше фактормен түсіндірді.
Біріншіден, климаттың өзгеруі жағдайында жерасты сулары өзен-көлдерге қарағанда тұрақтырақ.
Екіншіден, олар Қазақстан аумағында орналасқан және трансшекаралық су ағындарына тәуелді емес.
Үшіншіден, жерасты суын пайдалану су үнемдеу тұрғысынан да тиімді.
Ұңғыма қазып, суды сол жерде бірден пайдалануға болады. Оны алыс қашықтыққа каналмен не құбырмен тасымалдаудың қажеті жоқ, - деді ол.
Сарапшының айтуынша, бұған дейін жерасты суын кең көлемде пайдалануға айқын қажеттілік болмаған.
Сонымен бірге, бұрын негізгі басымдық минералдық-шикізат қорына беріліп, жерасты суын игеру екінші кезекте қалған.
Одан бөлек, жерасты суын пайдалану үшін ұңғыма бұрғылау, насос орнату және суару жүйелерін іске қосу сияқты қосымша техникалық шешімдер қажет.
Сондықтан ол беткі суларға қарағанда қымбатырақ болған.
Алайда Болат Бекнияздың айтуынша, қазір жағдай өзгерді.
Жерасты суын игеру экономикаға қалай әсер етеді?
Спикердің пікірінше, жерасты суын тиімді пайдалану экономикаға үлкен серпін береді.
Бұл әсіресе ауыл шаруашылығын дамытуға, өнеркәсіпті кеңейтуге, жаңа өндірістер ашуға, халықты сумен қамту сапасын арттыруға ықпал етеді. Бұл Қазақстан экономикасының жаңа кезеңіне серпін береді, – деді Болат Бекнияз.
Оның айтуынша, жерасты суы ел аумағына кең таралған, сондықтан оларды өндірісте де, ауыл шаруашылығында да, халықты сумен қамтуда да тиімді пайдалануға болады.