Сарапшы пікірі: Жаңа Салық кодексіне өзгерістер наурыздан енгізіле бастайды

“Жаңа Салық кодексін қолдануға қатысты қоғам тарапынан айтылып жатқан барлық орынды, конструктивті ұсыныстарды мұқият зерделеп, қажет болған жағдайда оған түзетулер енгізу керек. Түптеп келгенде, Салық кодексі – өзгермейтін қасиетті құжат емес”. Бұл – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтқан сөзі. Осы мәлімдемеден кейін “1 қаңтардан күшіне енген Салық кодексіне өзгерістер енгізіле ме?” деген заңды сұрақ туады. BAQ.KZ тілшісі осы сұрауды, Салық кодексі өзгерсе, өзгеріс қашан енгізілетінін және нені өзгерту керегін сарапшыларға жолдап көрді.

“Конституцияны реттеп алған соң кіріседі”

Экономист, қаржы сарапшысы Айбар Олжай Салық кодексіне түбегейлі өзгеріс енгізілмейді деген ойды айтып отыр. Оның сөзінше, тек кейбір сандық көрсеткіштер ғана түзетілуі мүмкін.

Салық кодексінің негізгі параметрлері өзгермейді ғой. Ішіндегі 300 АЕК дегені 350 АЕК болып өзгеруі мүмкін. Мысалы, қосылған құн салығы шегі 40 млн-нан 45 млн теңгеге немесе 50 млн-ға көтерілуі мүмкін. Ал жүйенің өзі, негізгі идеясы, параметрлері, менің ойымша, сол қалпы қалады, - деді ол.

Сондай-ақ сарапшы қазір жеңілдетілген режимдегі кәсіпкерлердің салықтық шегеріміне қатысты мәселе барын атады. Сол бойынша да өзгерістер болуы ықтимал.

Ол өзгерістер наурыз айынан басталып кететін сияқты. Қазір Конституцияны реттеп алады, одан кейін Салық кодексімен айналысады, - деді Айбар Олжай.

“Шағын және орта бизнес қысым көріп отыр”

“Ақ жол” демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Мемлекет басшысының қоғам тарапынан айтылған сынға құлақ асып, Салық кодексіне “қажет болған жағдайда түзетулер енгізу керек” деген сөзін өзі де, партиясы да қуана қабылдағанын айтты. Ол “Ақ жолдың” Cалық кодексін талқылау кезінде бірден бірнеше мәселеге қарсы дауыс берген жалғыз партия екенін атады.

Бірінші оқылымда да, екінші оқылымда да, Сенаттан қайтып келген кезде де қарсы дауыс бердік. Өкінішке қарай, басқа фракциялар бізді қолдаған жоқ, Салық кодексін қолдады. Сол себептен кодекс қабылданды. Бірақ сонда да біз өз күресімізді бітірген жоқпыз. Ары қарай да бірнеше мәселелер бойынша күрестік. Тіпті президент бұл пікір алмасуға екі-үш рет араласқан. Сол себепті Үкімет аяғында біздің екі ұсыныспен санасуға мәжбүр болды. Бірақ сонда да ең өткір, ең маңызды мәселелер әліге дейін шешілмеген. Біздің ойымызша, осы Салық кодексі күшіне енген 1 қаңтардан бері орта бизнес, әсіресе шағын бизнес үлкен қысым көріп отыр, - деді Перуашев.

Ол 23 қаңтарда өткен республикалық форум кулуарында былтыр Салық кодексін қарастырған кезде фракцияның 100-ден астам ұсынысы қабылданбағанын, сол ұсыныстарды қайта пысықтап, қайтадан Үкіметке жіберуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Нені өзгерту керек?

BAQ.KZ редакциясы партияның Салық кодексіне қандай өзгерістер енгізуді ұсынғанын сұратты. Үкіметке жіберілген хатта төмендегі ұсыныстар қамтылған:

1) ҚҚС шегін 40 млн теңгеден 78 млн теңгеге дейін көтеру;

2) Жаңа Салық кодексінің 286 б. 16 т. көзделген АСР төлеушілермен В2В келісімдері бойынша шегерімдерге тыйым салуды алып тастау;

Үкіметтің пікірінше, бұл – бизнесті жасанды түрде бөлшектеуге қарсы күрестің негізгі шарасы. Алайда бұл жағдайда Салық кодексіне «бөлшектеу» ұғымының өзін, оның материалдық құрамын және бірнеше ірі холдингтердің әрекеті үшін бүкіл адал шағын бизнесті жазаламай, тікелей кінәлі тұлғаларға қолданылатын жауапкершілік шараларын енгізу қажет.

3) Салықтық әкімшілендіру жүргізу кезінде қолданылатын құпия критерийлер мен ашық емес рәсімдерді жоюды ұсынамыз (Жаңа Салық кодексінің 93-бабының 3-тармағы);

Құпия критерийлердің қауіптілігі салық төлеуші өзіне беймәлім талаптарды орындай алмауында ғана емес, сондай-ақ олар салық органдарының әрекеттерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындатады. Бұған қоса, бұл әрекеттердің себептері бизнеске де, тіпті сот органдарына да ашып көрсетілмегендіктен, кәсіпкерлер оларды даулауға мүмкіндік ала алмайды.

ҚР Конституциясының 18-бабының 3-тармағында мемлекеттік органдар әрбір адамға оның құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен және шешімдермен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті екені белгіленген. Сонымен қатар, Кәсіпкерлік кодекс кәсіпкерлік қызметтің адалдық презумпциясын бекітіп, барлық күмәнді тұстарды кәсіпкердің пайдасына жоруды міндеттейді.

4) «Ақ жол» фракциясы сондай-ақ мәмілелерді жарамсыз деп танудың қабылданған тәртібін жоюды қажет деп санайды (ҚР Салық кодексінің 280-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы және 474-бабы 1-тармағының 2) тармақшасы);

Мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арыздар тараптардың біреуі әкімшілік орган болып табылатын дауларды қарау үшін арнайы құрылған Әкімшілік соттарда ғана қаралуы тиіс.

5) Камералдық бақылау (129-бап) және салыстырмалы бақылау (134-бап) шеңберіндегі хабарламалар аясын шектеуді жою қажет, себебі бұл нормалар қамтамасыз ету шараларын дереу қолдануды көздейді және салық төлеушінің салық органы хабарламаларын даулауға құқығын өрескел түрде бұзады;

6) Пилоттық жобаларды жүргізуді (86-бап) жою қажет, өйткені бұл Үкіметке Парламентті айналып өтіп, Салық кодексінің нормаларын енгізуге мүмкіндік береді және кәсіпкерлердің құқықтарын бұзуға жол ашатын тетікке айналуы мүмкін;

7) e-Tamga жүйесі арқылы ҚҚС аванстық төлемін жою қажет (Салық кодексінің 139–140-баптары);

ҚҚС-ты аванстық төлеу салдарынан бизнес мәміле бойынша қаражатты әлі алмай тұрып, ағымдағы қызметін қамтамасыз ету үшін айналым қаражатын шығаруға немесе несие алуға мәжбүр болады.

ҚҚС – жанама салық болып табылады және мәміле аяқталғаннан кейін төленуге тиіс. Сондықтан аванстық төлем талабы салықтың табиғатына да, Кодекстің айқындылық пен әділеттілік қағидаттарына да қайшы келеді және т.б.

8) Салық төлеушінің шағымы бойынша қабылданған шешім заңды күшіне енгенге дейін әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануды тоқтату арқылы камералдық және салыстырмалы бақылаудың барлық түрлері бойынша шағымдану тәртібі мен мерзімдерін енгізу;

9) Салықтық құқық бұзушылықтарын анықтаудың превентивтік тәртібін енгізу;

Салық есептілігінде сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, салық органдары салық төлеушіге анықталған сәйкессіздік туралы хабарлама жіберуге, сәйкессіздіктің себептері мен негіздерін, сондай-ақ оларды жою тәсілдерін көрсетуге міндетті, әрі сәйкессіздіктерді жою үшін салық төлеушіге бір айлық мерзім беруге тиіс. Осы мерзім өткенге дейін салық органдары салық төлеушінің кәсіпкерлік қызметін шектейтін әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануға құқылы емес.

10) Берешек туындаған сәттен бастап өсімпұл есептеуді алып тастау, өсімпұл салық органы берешекті төлеу туралы талап қойған сәттен бастап есептелуге тиіс;

Себебі берешекті өндіріп алу кезінде салық төлеуші екі рет жауапкершілікке тартылады: берешекті өтеу және әкімшілік айыппұл төлеу арқылы.

11) ЕАҚ бойынша туындайтын барлық міндеттемелерді қамтитын бірыңғай әлеуметтік төлем ұғымы мен тетігін енгізу, төлем сомаларын бюджет пен бюджеттен тыс қорлар арасында автоматты түрде бөлу, қазіргі таңда 42%-ға дейін жетіп отырған еңбекақы қорына түсетін жиынтық жүктемені төмендету мәселесін қарастыру;

12) Салық органдарымен дауларда кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту мақсатында Салық омбудсмені институтын енгізу.

Айта кетейік, хатта кодекске өзгерістер 2027 жылдың 1 шілдесіне дейін енгізілуі тиіс екені жазылған. Сондықтан демпартия аталған коллизияны Қаржы министрлігінің кодекстің даулы нормалары бойынша санкцияларды бір жылға тоқтата тұру туралы бұйрығын қабылдау арқылы реттеуді, сондай-ақ Салық кодексіне қажетті түзетулер енгізіп, олардың 2027 жылдан бастап күшіне енуін мақсатқа сай деп санайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ коллажы
Өзгелердің жаңалығы