Сарапшы: Партиялар сайлау кезінде емес, күнделікті қоғаммен жұмыс істеуі керек
Сарапшы танымал әншілер мен спортшыларды партия қатарына тарту бұрынғы кезеңнің тәсілі дейді.
Саясаттанушы Талғат Қалиевтің пікірінше, Қазақстандағы саяси партиялардың жұмысын бағалау тәсілін өзгерту қажет. Оның айтуынша, партиялардың танымалдығын тек атауын білу немесе дауыс беру ниеті арқылы өлшеу нақты көріністі бермейді.
Сарапшы сауалнамаларда партиялардың танымалдық индексі, сенім индексі, сондай-ақ терең танымалдық пен терең сенім көрсеткіштерін енгізуді ұсынады. Яғни, азаматтар партияның нақты тұлғаларын атай ала ма, олардың қандай бастамаларын біледі және қолдайды ма – осы сұрақтар маңыздырақ.
Адамдар “Қандай партияларды білесіз?” деген сұраққа әлеуметтік тұрғыдан ыңғайсыз көрінбеу үшін кездейсоқ жауап беруі мүмкін. Ал нақты қай тұлғаларын немесе қандай бастамаларын білесіз деген кезде жауап беруде қинала бастайды, – дейді ол.
Талғат Қалиевтің айтуынша, шынайы партиялар сайлауалды бағдарламаларға емес, тұрақты құндылықтарға сүйенуі керек. Ал бүгінде Қазақстандағы партиялардың ұстанымдары бір-бірінен айқын ажыратылмайды.
Егер АҚШ-та республикашылдар немесе демократтар жеңсе, қандай саясат жүргізілетінін болжауға болады. Ал Қазақстанда қай партия жеңсе де, түбегейлі қандай өзгеріс болатынын болжай алмаймыз, – деді сарапшы.
Оның пікірінше, партиялар сайлауаралық кезеңде белсенді жұмыс жүргізбейді. Керісінше, қоғамдағы кез келген өзекті оқиғаға – су тасқыны, шахтадағы апат немесе басқа да резонансты мәселелерге қатысты өз ұстанымын білдіріп, жүйелі шешімдер ұсынуы қажет.
Сарапшы сондай-ақ танымал әншілер мен спортшыларды партия қатарына тарту бұрынғы кезеңнің тәсілі екенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстандағы орташа жас – 31,5 жас, ал электорат құрамына Z буыны белсенді қосылып жатыр. Сондықтан қазіргі жағдайда жастардың назарын аудару үшін жаңа әрі креативті саяси коммуникация қажет.
Аполитикалық адамдар болмайды. Тек біз жұмыс істей алмаған, саяси процеске тарта алмаған топтар ғана бар, – деді Талғат Қалиев.
Сөз соңында сарапшы жаңа Құрылтай елдегі саяси мәдениетті жаңартатын институтқа айналады деген үмітін білдірді. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде кандидаттар тізіміне қатысты айтылып жатқан сын-ескертпелерді теріс құбылыс ретінде емес, азаматтардың саяси реформаларға қызығушылығы мен сайлауға бейжай қарамайтынының белгісі ретінде қабылдау қажет.