Сарапшы: Мектептердегі қауіпсіздік мәселесін шешетін уақыт жетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент жанындағы ҚЗСИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Мадина Бектенова Ұлттық сенім кеңесінің 6-отырысында айтылған имәселелер бойынша пікір білдірді.

Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VІ отырысында балалардың қауіпсіздігі мен олардың құқықтарын қорғау мәселелері кеңінен көтерілді. Халқымыздың 30 пайызы – балалар, ел болашағы. Балалардың құқықтарын қамтамасыз ету – қазіргі заманның жаһандық проблемаларының қатарында тұр. Оның шешімін табу – бүкіл әлемдік қауымдастықтарды алаңдатады. Қоғамның өміршеңдігі мен оның болашақ дамуын болжауда өскелең ұрпақтың орны мен рөлі ерекше – дейді сарапшы.

Статистикалық көрсеткіштерге көз жүгіртсек, 2020 жылдың басында 0-17 жас аралығындағы балалар саны 6110156 болған, бұл 2011 жылға қарағанда шамамен 1 млн 260 мың балаға артқанын көрсетеді.

Балалық шақты қорғау – балалардың құқықтық мәртебесін айқындайтын нормативтік құжаттарды әзірлеу негізінде балалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін шаралар жүйесі. Балалардың және балалы отбасылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау Қазақстан Республикасының ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі және оны іске асыру үшін көреген жұмыстар атқарылуда – деді Мәдина Бектенова.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда балалардың құқығын қорғау жөніндегі негізгі халықаралық құжаттар ратификацияланды. Мемлекетте сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтары жазылған заңдар мен жарлықтар қабылданды.

Дегенмен, балаларға қарсы қылмыс жасау тоқтар емес. Былтыр кәмелетке толмағандарға қарсы 1814 қылмыстық құқықбұзушылық орын алды. Демек күн сайын 5 бала зардап шекті деген сөз. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында бала құқықтарын қорғалуын қадағалауды күшейту керектігін айтты – дейді саяси сарапшы.

Адам құқықтарын қорғау мәселесі Президент үшін 2019 жылғы маусымда Мемлекет басшысы болып сайланған сәттен бастап басым мәселе болды. Ол өз Жолдауларында да, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында да және Үкіметке қойылған тапсырмаларының арасында адам құқықтарын қорғау мәселесін нақты айтып келеді.

Атап айтқанда, азаматтарды, әсіресе балаларды зорлық-зомбылықтан, кибершабуылдан қорғау, буллинг, өз-өзіне қол жұмсау, адам саудасы мен азаптауға қарсы күрес бойынша кешенді шаралар қабылдау өте өзекті. Солардың ішінде ерекше атап кететін жәйт – мектептегі оқушылардың қауіпсіздігі. Білім беру мекемелеріндегі қолайлы әрі қауіпсіз ортаны қалыптыстыру мемлекеттің басым міндеттерінің бірі – дейді Мадина Бектенова.

АҚШ-тағы, Ресейдің Қазан қаласы және Пермь өлкесіндегі жан түршігерлік оқиғалардан соң еліміздегі мектептерде де жүйелі тексерулер өткізіліп жатыр.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуына қарағанда маусым айындағы жағдай бойынша елдегі 7440 мектептің тек қана 434-і (немесе 6%) ғана күзет ұйымдарымен шарт жасасқан, ал 6832 мектеп (92%) «дабыл түймелерімен» жабдықталмаған, 3384 мектепте (45,5%) бейнебақылау жүйесі белгіленген стандарттарға сәйкес келмейді, 7107 мектепте (96%) – турникеттер орнатылмаған көрінеді.

Осы орайда білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды едәуір жандандыру қажет екені анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесі отырысында бұл проблеманы ашық айтып, білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жүйесіне бірыңғай талап қойылуы қажеттігін және сол үшін бәріне ортақ ереже әзірлеу керектігіне тоқталды – дейді сарапшы.

Жергілікті жерлерде балаларға қарсы және балалар арасындағы құқыбұзушылықтарды алдын алу үшін саларалық үйлестіру жұмысын жолға қою қажет.

Негізі мемлекетімізде білім беру мекемелердегі қауіпсіздікті қамтамсыз ету бойынша мәселелерді реттейтін нормативті-құқықтық актілер жеткілікті. Тек олардың іске асырылуын жіті қадағалап, ведомстволар арасында өзара әрекеттесу мен үйлесімді жұмысты қолға алу керек. Барлық құзіретті органдардың, сондай-ақ жергілікті атқарушы билік органдарының регламенттері мен іс-әрекеттерінің келісілмегендігі себебінен де мемлекеттік білім беру мекемелеріндегі балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі шешімін таппай келеді. Сондықтан Мемлекет басшысының оқу орындарындағы қауіпсіздік жүйесіне ортақ ереже мен біріңғай талап қойылуы туралы тапсырмасы өте орынды – дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы