Сарапшы: Коронавирустың омикроннан бөлек штамдары пайда болуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирустың «Дельта» штамынан 70 есе жылдам таралатын тағы бір түрі «Омикрон» туралы не білеміз? Коронавирустың тағы штамдары пайда болуы мүмкін бе? Инфекцияны жұқтырмау жолы қандай? 

«Омикрон» штамының басқа да ерекшеліктері туралы ДСМ «ҚДСҰО» ШЖҚ РМК «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының эпидемиолог дәрігері, Инфекциялық аурулардың эпидемиологиясы және иммундық-профилактика бөлімінің бас маманы Лена Қасабекова сұхбат берді.

– «Омикрон» жай тұмау емес, мүлдем жаңа вирус дейді. Мұны қалай түсінесіз? 

 – «Омикрон» 2021 жылы 9 қарашада Оңтүстік Африка республикасында анықталды. Ел үкіметі жаңа штамм пайда болғанын ДДСҰ-ның хабарлағанын мәлімдеді. Әлемдік ұйым мамандары бұл штамды «алаң тудыратын штам» деп атады. Өйткені аталған коронавирус түрі өзінің тез таралғыштығымен ерекшеленеді. Қазіргі таңда «омикрон» бүкіл әлемнің денсаулық сақтау жүйесіне, адамзатқа қауіп-қатер төндіріп отыр. «Омикронның» коронавирустың басқа штамдарынан қарағанда жасырын кезеңі немесе инкубациялық кезеңі қысқа. Яғни орташа есеппен алғанда 2-5 күн аралығында өтеді. Егер адам бұл штамды жұқтырған жағдайда бірінші күннен бастап-ақ айналасындағы адамдарға таратады. Әсіресе, екпе алмаған адамдар арасындағы таралу процесі өте тез. Әрине, вакцина салдырып, бұрын ауырған адамдар да жұқтырып жатыр. Алайда вакцина салдырғандар арасында жеңіл өтетіні және асқынулар болмайтыны дәлеледенген.

– Ең қауіпті деп саналып келген «Дельтадан» айырмашылығын атап өтсеңіз? 

 Омикрон штамының ерекшелігі балалар арасында ауру таралуы. Одан бұрын пайда болған «Дельта» штамына қарағанда балаларда көп кездесетіні белгілі болды. Жалпы, «Дельта» штамына қарсы вакцина өз тиімділігін көрсетті. Ал «омикрон» бұл коронавирустың өзгеше түрі. Мәселен, омикрон штамы жабық жерлерде, мекеме мен үйлерде адамдар көп шоғырланған жерлерде тез таралуға бейім. 

– Қазіргі уақытта вакцина салдырған адамдарда инфекцияны жұқтырып жатыр. Бұл вакциналардың жаңа штамға қарсы тиімділігі төмен екенін көрсете ме? 

 Бұл мәселе бойынша әлемде бірнеше зерттеу жүргізілді. Зерттеуден анықталғаны вирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын алған адамдар арасында омикронға қарсы вакцинасының тиімділігі төмендегені анықталып отыр. Ал үш доза, яғни ревакцинация алған азаматтарда омикронға қарсы антиденелердің әлдеқайда жоғарылағаны анықталды. Сондықтан да ДДСҰ вакцинаның екі дозасын салдырған адамдарға алты ай өтетін болса ревакцинация салдыру керек екенін баса айтты. Бұны барлық әлемде жүргізілген зерттеу нәтижелерінің қортындылары көрсетіп отыр.

– Коронавирустың тағы штамдары пайда болуы мүмкін бе? Қандай жағдайда оның алдын алуға болады? 

– Ғалымдар соңғы екі жыл ішінде коронавирустың 3-4 мутацияланған қауіпті түрімен кездесті. Коронавирус мутацияға тағы да ұшырауы мүмкін. Вирус мутацияға ұшырап, қасиеттері өзгеріп қайта келіп отыру әбден мүмкін. Оны тоқтату үшін инфекцияның таралу аумағында шектеу шараларын қатаңдатумыз қажет. Егер біз ұжымдық иммунитет қалыптастырып, сақтық іс-шараларын сақтай білсек, вирустың жаңа штамдарының пайда болуына жол бермейміз. Менің ойымша, біз вакцинация, ревакцинация қарқынын арттырсақ сондай-ақ оның арқасында ұжымдық иммунитет қалыптасса, көпшілікте омикрон штамына қарсы иммунитет пайда болғанда вирустың таралуын төмендету арқылы бұл пандемияны жеңеміз. 

– Сұхбатыңызға рахмет! 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы