Сарапшы қандай смартфондарға кибершабуылдың жиі жасалатынын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Kaspersky Security Day конференциясында киберқауіпсіздік сарапшысы Дмитрий Галов мәлім етті.
Оның сөзінше, кез келген компания өз өнімдерінің кибер шабуылға ұшырағанын қаламайды. Сол себепті шығаратын өнімдеріне жаңартулар енгізіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда көпшіліктің смартфонында IOS және android жүйелері орнатылған. Олар кибершабуылға тұрақты төтеп бере бермейді. Қуанышмызға орай, соңғы нұсқадағы әйгілі брендттер әлдеқайда қауіпсіз келеді. Сол себепті ұялы телефоныңыздың нұсқасын дер кезінде жаңартып отырыңыз. Көбіне ескі нұсқадағы телефондар мұндай шабуылдарға жиі тап болады, - дейді Дмитрий Галов.
Сонымен қатар сарапшы қандай жүйенің брендттері кибершабуылдан сенімді қорғалғанын айтты.
Android гаджетінде мүмкіндіктер өте көп. Сіз интернет желісіндегі құпия немесе ашық ақпараттарды оңай жолмен жүктеп алсаңыз болады. Бәрімізге белгілі, онда ақылы тұратын ойындарды немесе бағдарламаларды жүктеп алу мүмкіндігі бар. Бірақ мұның пайдасыз тұстары баршылық. Сіздің смартфоныңыз ақпараттық шабуылға жиі ұшырайды және вирустың тез енуіне жол береді. Ал IOS жүйесінде керісінше, тыйым көп. Яғни, кез келген бағдарламаны жүктеп ала алмайсыз. Ай сайын нұсқаларды жаңарту жұмыстары жиі жүргізіледі. Бұл гаджеттің сенімді қорғалғанын білдіреді, - дейді Галов.