Сарапшы: Инвесторлар әлі сатылмаған өнім үшін салық төлеуге мәжбүр
Роялтиге көшу нормасы Салық кодексінде 2027 жылдан бастап қарастырылған.
Тау-кен және тау-металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец Қазақстанға жер қойнауын пайдалану саласында роялти жүйесіне көшуді әлі де пысықтау қажет деп санайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі қолданыстағы пайдалы қазбаларды өндіру салығы (ПҚӨС) тетігі нарықтық тәуекелдерді толық ескермейді. Себебі салық өнім сатылғаннан кейін емес, пайдалы қазба өндірілген сәттен бастап төленеді.
Сонымен қатар 2027 жылдан бастап роялтиге көшу туралы норма Салық кодексіне енгізілген. Алайда сарапшының айтуынша, оны есептеу тәртібі әзірге көптеген сұрақ тудырып отыр.
Салық кодексінде 2027 жылдан бастап роялти қолданылатыны туралы норма бар. Бірақ оны есептеу тәртібі әлі де көптеген сұрақ туғызады, – деді сарапшы.
Ол сондай-ақ жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпарат неғұрлым ашық болуы керек екенін айтты. Дегенмен мұндай ақпараттың қандай форматта және қандай көлемде жарияланатынын уәкілетті мемлекеттік органдар айқындауы тиіс екенін атап өтті.
Салық реформасы төңірегіндегі талқылауға пікір білдірген ол қазіргі ПҚӨС пен ұсынылып отырған роялти тетігінің арасындағы айырмашылықты түсіндірді.
ПҚӨС – бұл пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық. Яғни сіз, мысалы, қазып алдыңыз да, бірден салық төлейсіз. Бірақ сіздің өндіргеніңіз сол күні-ақ сатылды деген сөз емес. Тіпті оны міндетті түрде біреу сатып алады дегенді де білдірмейді. Өнім тек келісімшарт жасалып, тұтынушыға жөнелтілген кезде ғана сатылады. Ал роялти сатылған өнімнен, яғни өнімді өткізуден есептеледі. Қазір біз өндірілген көлем бойынша есептеп отырмыз. Қазақстанға келетін көптеген инвесторлар: “Бұл әлі сатылмаған болса, неге біз салық төлеуіміз керек?” дейді. Олардың айтуынша, төлем өнім сатылып, тауар-ақша қатынастары пайда болған кезде ғана жасалуы керек. Әлемде де дәл осылай, – деп айтты сарапшы.
Еске сала кетейік, Геологтар күні қарсаңында Астанада Geoscience & Exploration Central Asia: «Геология, ресурстар және Еуразияның болашағы» форумы өтіп жатыр.