30 Шілде 2026, 11:15 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Сарапшы: Биылғы сайлау науқаны ашық саяси бәсекенің жаңа кезеңін көрсетті

Қазақстандағы қазіргі сайлауалды науқан саяси партиялар арасындағы бәсекенің жаңа деңгейге көтерілгенін байқатып отыр. Бұл туралы саясаттанушы Талғат Қалиев Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Сайлау-2026: медиа және цифрлық платформалар» атты сарапшылық алаңда айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Саясаттанушының пікірінше, бұл жолғы сайлау науқанының ерекшелігі – партиялардың тек дәстүрлі үгіт-насихатпен шектелмей, қоғам алдында өз ұстанымдарын ашық талқылауға көбірек ден қоя бастауы.

Оның айтуынша, бұрын негізгі назар өңірлердегі кездесулер мен цифрлық платформалардағы жұмысқа аударылса, қазір саяси күштер арасында жария пікірталастар жиілеп келеді. Үгіт-насихаттың алғашқы күндерінен-ақ парламент жұмысының тиімділігі, кәсіпкерлердің мүддесін қорғау және бизнестің саясаттағы орны секілді маңызды мәселелер ашық талқыға түсті.

Талғат Қалиев мұндай пікірталастардың көбеюі саяси партиялардың тек өз бағдарламасын таныстырумен шектелмейтінін көрсететінін айтты. Оның сөзінше, бүгінде олар қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша көзқарасын ашық қорғауға дайын екенін байқатып отыр.

Сарапшы партиялық жүйеде де елеулі өзгерістер жүріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бірқатар саяси ұйымдарда басшылық жаңарып, ұзақ жылдар бойы партияны басқарған жетекшілер өз орындарын жаңа буын өкілдеріне берді.

«Жаңа басшылар партиялық жүйеге бүгінгі заман талабына сай жаңа идеялар мен тың тәсілдер әкелуі керек. Сонымен қатар олар жаңа жақтастарды тартуға және елдегі саяси бәсекенің одан әрі дамуына ықпал етеді», – деді саясаттанушы.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған сарапшылық алаңда цифрлық дәуірдегі саяси коммуникацияның өзгеруі, сайлауалды үгіт-насихатта жасанды интеллектіні қолдану, жалған ақпараттың таралуына қарсы іс-қимыл, сондай-ақ сайлаушылардың мінез-құлқындағы жаңа үрдістер мен қоғамның саяси партияларға қоятын талаптары талқыға түсті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Цифрлық даму министрлігі сайлау кезінде TikTok пен YouTube-тың ЖИ-контентке қатысты жауапкершілігін түсіндірді.

Сондай-ақ, саясаттанушы Найла Мұхтарова Құрылтай сайлауы аясында өткен алғашқы телевизиялық дебатқа бағасын берді.