Сарапшы: Астана-Ереван диалогы Қазақстан экспортына жаңа дәліздер ашады
Астанаға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыртуымен Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян ресми сапармен келді. Армения үкіметі басшысының елімізге жасаған сапарының жалпы экономикалық маңызы қандай? Аймақтық экономиканың қарқыны жаңа траектория арқылы бағыт ала ма? Қазақстан үшін Оңтүстік Кавказ бен Таяу Шығыс елдеріне жаңа экспорттық бағыттар ашыла ма?
Осы және өзге де сұрақтарды BAQ.KZ тілшісі тарқатып көрді.
Сауда әлеуеті: Қазақстан–Армения арасындағы жаңа экономикалық мүмкіндіктер
Экономикалық зерттеулер институты Әлемдік экономиканы зерттеу орталығының аға сарапшысы Гүлім Сманның айтуынша, Никол Пашинянның Қазақстанға жасаған ресми сапары Ереван үшін де, Астана үшін де аймақтық экономикалық архитектураны қайта қалыптастыру тұрғысынан стратегиялық маңызға ие.
Бұл сапардың өзегінде сауда көлемін ұлғайту, жаңа жеткізу тізбектерін қалыптастыру және Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказды байланыстыратын көлік-логистикалық дәліздерді кеңейту міндеттері тұр. Армения үкіметі бұл сапарды «экономикалық әртараптандыруға қосымша серпін» ретінде сипаттаса, Қазақстан сауда өсіміне әлеует бар екенін мәлімдеді, - деп атап өтті Гүлім Сман.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы аса жоғары емес, 2024 жылы ол небәрі 36 млн доллар болған. Дегенмен, Қазақстаннан Армения нарығына экспортты 350 млн долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар екені айтылды.
Бұл металлургия, химия, құрылыс материалдары, астық және азық-түлік өнімдері секілді салаларды қамтитын нақты коммерциялық әлеует. Армения, өз кезегінде, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері мен жоғары қосылған құнды тауарлар бойынша жеткізілімдерді өсіруге мүдделі. Армения экономикасы ұзақ уақыт бойы импортқа тәуелді болып отыр. Сауда құрылымында Ресейдің үлесі басым, елдің жалпы сыртқы саудасының шамамен үштен бірі осы бағытқа тиесілі. Мұндай тәуелділік Ереванды көлік-логистикалық тәуекелдерге осал етеді. Сондықтан Қазақстанмен тікелей байланыстарды күшейту сыртқы экономикалық әртараптандыру стратегиясының маңызды бөлігі, - деп түсіндірді аға сарапшы.
Орта дәліздің маңызы артып келеді
Осы сапар кезінде Пашинян Үкіметі Қазақстанмен «тиімді әрі қысқа логистикалық маршруттарды» бірлесіп талқылағанын растады.
Қазақстан мен Арменияның көлік саласындағы ынтымақтастығы аймақтық геоэкономика үшін көлемі жағынан шағын болса да, мағынасы жағынан салмақты. Орталық Азиядан Оңтүстік Кавказға тікелей маршруттардың қалыптасуы тек екі ел үшін ғана емес, бүкіл Орта дәліздің тиімділігіне әсер етеді. Арменияның аймақтық транзит жүйесіне интеграциясы, көлік тізбектерін оңтайландыру, жүк тасымалы шығындарын азайту және Ереванның халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Қазақстанның бұл бағытта бастама көтеруі оның өңірдегі логистикалық хаб ретіндегі рөлін күшейте түседі, - дейді Гүлім Сман.
Сондай-ақ ол сапар барысында саяси реттеу, инвестициялық бастамалар және гуманитарлық саладағы ынтымақтастық та назардан тыс қалмағанын алға тартты.
Астанада өткен кездесулерде білім, мәдениет және жоғары технологиялар саласында жобаларды іске қосу мәселелері де талқыланды. Бұл Қазақстан-Армения диалогының тек экономикалық емес, кешенді сипатқа ие екенін көрсетті. Қазақстан тарапы Армениямен прагматикалық және өзара тиімді әріптестікке дайын екенін бірнеше мәрте атап өтті.
Пашинянның Астанаға сапары Арменияның аймақтық саясаттағы жаңа кезеңге қадам басқанын аңғартады. Бір жағынан, Ереван сыртқы экономикалық тәуелділікті азайтып, жаңа нарық пен жаңа логистикалық бағыттарды қарастыруда. Екінші жағынан, Қазақстан Орталық Азия-Кавказ кеңістігінде тұрақты экономикалық байланыстарды нығайтуға мүдделі. Осы факторлардың тоғысуы екіжақты қарым-қатынастың сапалық тұрғыда жаңаруына мүмкіндік береді, - дейді Гүлім Сман.
Жалпы алғанда, бұл сапардың экономикалық маңызы үш негізгі бағытпен сипатталады:
- тауар айналымын нақты өсіру;
- жаңа көлік-логистикалық дәліздерді қалыптастыру арқылы аймақтық транзитті ықшамдау;
- ұзақмерзімді инвестициялық кооперацияның негізін қалау.
Сол себепті Н. Пашинянның Астанаға сапары Армения үшін де, Қазақстан үшін де аймақтық экономикалық динамиканы жаңа траекторияға бағыттайтын маңызды оқиға ретінде бағалануға тиіс.
Қайта ашылған транзит: Қазақстан экспортын күшейтетін фактор
Экономикалық зерттеулер институты Әлемдік экономиканы зерттеу орталығының сарапшысы Ажар Әлішева 21 қазан 2025 жылы Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің кездесуінде Арменияға бағытталған жүк транзитіне қатысты барлық шектеулердің алынғаны жарияланғанына тоқталып өтті.
Осы шешімнен кейін транзиттің қайта жандануы Қазақстан үшін Оңтүстік Кавказ елдеріне және Таяу Шығыс нарықтарына жаңа экспорттық бағыттар ашуға нақты мүмкіндік береді. Бұл қадам Еуразиядағы көлік архитектурасының қайта құрылуына және Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің (Орта дәліз) дамуына тікелей байланысты, ал бұл бағытта Әзербайжан негізгі логистикалық буын болып отыр, - дейді сарапшы.
Мәлімдеуінше, нақты экономикалық нәтиже қазірдің өзінде бірінші болып астық секторында байқалды.
2025 жылдың қарашасында Қазақстан 30 жылда алғаш рет Арменияға азық-түлік бидайын жөнелтті: 15 вагоннан тұратын, шамамен 1 мың тонна көлеміндегі жүк пойызы Ресей – Әзербайжан – Грузия бағыты арқылы жаңа маршрутпен өтті. Осы жеткізілімдер негізінде ұзақ мерзімді формат құрылды. Ұлттық астық операторы армян импорттаушыларымен ынтымақтастық туралы келісім жасады және ай сайын 15–20 мың тонна азық-түлік бидайын, соның ішінде 4-санаттағы ұн және құрама жем өндіруге арналған бидайды жеткізуге дайын екенін жеткізді, - деп атап өтті Ажар Әлішева.
Айта кетерлігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі транзиттің Әзербайжан арқылы қайта ашылуын Оңтүстік Кавказ бен Таяу Шығыс бағыттарына жаңа экспорттық жол қалыптастырумен тікелей байланыстырады және Арменияға жөнелтілетін азық-түлік тауарларының көлемі мен номенклатурасын арттыру жоспарын атап өтеді.
Энергетика және уран экспорты
Бұл өзгерістер Орта дәліздегі жүк ағынының өсімімен қатар жүріп жатыр. Транскаспий бағытындағы тасымал көлемі жылына 62% өсіп, 4,5 млн тоннаға жетті, биыл қосымша 2% ұлғаятыны болжанып отыр.
Мақсат – жылдық көрсеткішті 10 млн тоннаға дейін жеткізу. Қазақстан мен Әзербайжан бұл бағыттағы инфрақұрылымды бірлесіп дамытып жатыр: жаңа транскаспийлік паром жүйесі бойынша келіссөздер жүргізілуде, Ақтауда контейнерлік хаб салу, Алят портында жүк терминалын кеңейту жобалары талқылануда. Энергетика саласында да алға жылжу бар: Баку – Тбилиси – Джейхан мұнай құбыры арқылы қазірдің өзінде Қазақстанның 1,5 млн тоннаға жуық мұнайы тасымалданады, әрі көлемді айтарлықтай арттыру жоспары бар, - дейді сарапшы.
Сонымен қатар спикер уран өнімдері де жеткізіліп отырғанына тоқталды.
Қазақстан Әзербайжанға 14,5 млн тоннаға дейінгі әлеуеті бар агроөнімдер (астық, майлы дақылдар, ұн, өсімдік майлары, картоп) номенклатурасын ұлғайтуды ұсынды. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында екіжақты тауар айналымы 343,3 млн долларды, ал Қазақстан экспорты 290,8 млн долларды құрады. Бұл мәліметтер Оңтүстік Кавказ арқылы Түркия мен Таяу Шығысқа шығатын тұрақты маршруттарды жүктеуге жеткілікті жүк базасының қалыптасып жатқанын көрсетеді, - дейді Әлемдік экономиканы зерттеу орталығының сарапшысы.
Екіжақты қатынас: жаңа мүмкіндік
Сарапшының сөзінше, Армениямен екіжақты қатынастар тұрғысынан транзиттің Әзербайжан арқылы қайта ашылуы Қазақстанға жаңа экономикалық мүмкіндіктер береді.
Қазақстан бұл бағыттағы қосымша экспорттық әлеуетті шамамен 350 млн доллар деп бағалап отыр. Бұл металлургия, мұнай-химия, химия және азық-түлік өнімдерінің жеткізілімін кеңейтумен байланысты. Қазіргі уақытта Иран арқылы (Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Армения) өтетін маршруттар мен Қытай – Қазақстан – Өзбекстан – Түрікменстан – Иран – Армения бағыттары қарастырылып жатыр. Ал Әзербайжан мен Грузия арқылы өтетін қысқа әрі тиімді маршруттың қайта ашылуы Арменияны тек соңғы нарық ретінде емес, Түркия мен Таяу Шығыс порттарына шығатын көлік тізбегінің бөлігі ретінде пайдалануға жол ашады, - дейді ол.
Геосаяси мәні: Зангезур және Орта дәліз
Орта дәліз бен Зангезур дәлізінің одан әрі дамуы Орталық Азия елдеріне экспорттық бағыттарды әртараптандыруға, жеткізу уақытын және тасымал құнын азайтуға, дәстүрлі солтүстік бағыттарға тәуелділікті төмендетуге, сондай-ақ Түркия, ЕО және Қытаймен байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан үшін бұл – астық, қайта өңделген өнімдер, металлургия, энергетика және басқа да тауарлар экспортының жаңа бағыттарын жүйелі түрде кеңейту деген сөз, - деп тұжырымдады сарапшы.
Алайда бұл мүмкіндікті толық іске асыру үшін инфрақұрылымдағы тар орындарды жою, ұзақ мерзімді тарифтік саясатты келісу және Оңтүстік Кавказдағы саяси тұрақтылықты сақтау маңызды.
Жалпы, қолдағы деректер Қазақстан үшін Әзербайжан арқылы транзиттің қайта ашылуы Оңтүстік Кавказға жаңа экспорттық жолдар ашқанын және Таяу Шығыс нарықтарына шығу үшін нақты база қалыптастырып жатқанын айқын көрсетеді, - деді Ажар Әлішева.
Алдағы кезеңде бұл мүмкіндіктердің ауқымы Қазақстан мен серіктес елдердің инфрақұрылымдық, тарифтік және институционалдық келісімдерді қаншалықты дәйекті іске асыра алатынына байланысты болады.