Саран қаласында Отбасын қолдау орталығы ашылды

Саран қаласында Отбасын қолдау орталығы жұмыс істей бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мұнда «бір терезе» қағидаты бойынша тегін кешенді көмек көрсетіледі.

Орталыққа арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж, төтенше жағдайдағы, қиын өмірлік жағдайдағы, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған отбасылар хабарласа алады. Айына 100 отбасына дейін қамту жоспарлануда.

Біз сондай-ақ отбасылық қарым-қатынастардағы дағдарыстар мен қақтығыстарды жеңуге көмектесеміз. Біздің орталықта психолог, заңгер, әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Барлық қызметтер тегін көрсетіледі. Келушілеріміздің көпшілігі әйелдер болғандықтан, ыңғайлы болу үшін біз балалар бөлмесін жасадық. Орталық аптасына алты күн жұмыс істейді, біз сенбіні заңгерлік қызмет көрсету күніне айналдырғымыз келеді. Әрине, сенбі сайын мен де осында боламын, сондықтан көмектесуге әрқашан дайынмын, – дейді Отбасын қолдау орталығының жетекшісі Елена Швецова.

Бүгінге дейін орталыққа 12 отбасы келіп үлгерді.

Ашылу күні жеті азық-түлік пакеті таратылып, балаларға киім-кешек пен аяқ киім үлестірілді.

Орталықтың жұмыс уақыты: дүйсенбі – сенбі 09:00-ден 18:30-ға дейін, жексенбі – жабық.

Жедел желі нөмірі тәулік бойы жұмыс істейді: +7-700-971-75-74 (WhatsApp).

Орталықтың мекенжайы: Чкалов көш., 3/2 (автовокзал ғимараты).

Саран қаласындағы Отбасын қолдау орталығы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ашылды. Жоба 3 жылға есептелген. Бағдарламаның әкімшісі – Саран қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, ал орындаушысы – «Жақсылық әлемі» ҚБ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы