Сара Назарбаеваға қатысты жаңа ақпарат шықты
Сара Назарбаева Президент Іс басқармасының Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінен (бұрынғы атауы – Совминка) шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Медициналық мекеме таратқан мәліметке сәйкес, пациент емдеу курсынан толық өтіп, 2026 жылдың қаңтар айында дәрігерлердің амбулаториялық бақылауына жіберілген.
Денсаулық жағдайы, диагнозы, емдеу тәсілдері мен нәтижелері туралы өзге ақпараттар Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексінің 273-бабына сәйкес дәрігерлік құпияға жатады және жария етілмейді, – деп мәлімдеді аурухана өкілдері.
Еске салайық, Сара Назарбаеваның ауруханаға жатқызылғаны туралы ақпарат 2025 жылдың 5 мамырында тараған еді. Ол кезде оның жағдайы ауыр екені айтылған.
Ауруханаға түскеннен кейін бірнеше күн өткен соң әлеуметтік желілерде Сара Назарбаеваның кенеттен қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Ресми дереккөздер бұл мәліметті жоққа шығарып, оны жалған ақпарат деп атады.
2025 жылдың қазан айында тұңғыш Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Сара Назарбаеваның сәуір айынан бері Ұлттық госпитальде ем алып жатқанын айтқан. Осылайша, елдің бірінші ханымы шамамен тоғыз ай дәрігерлердің бақылауында болды.