Сақтар мемлекет құрған деген тоқтамға әлі келе алмай жүрміз – археолог
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Сақтарда толыққанды мемлекет болғанын дәлелдейтін көптеген атрибуттары бар. Еуропацентристік ғалымдар 2000 жылға дейін еуропалық скифтерде антикалық мемлекет болды, ал Азиядағы скифтерде мемлекет болмады деп келді.
Бұл туралы профессор, археолог Әбдеш Төлеубаев Алматыда өтіп жатқан «Марғұлан оқулары – 2022» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында айтты.
Оның айтуынша, сақтардың Азиядағы бөлігінде әлеуметтік-экономикалық даму еуропалықтарға қарағанда анағұрлым жоғары болған.
Азия аумағындағы Сақ мәдениеті еуропалық бөлікке қарағанда 1,5 ғасыр алда болған. Біз әлі күнге дейін сақтардың мәдениеті мен сипатына қатысты бір тоқтамға келе алмай жүрміз. Кейбір ғалымдар олар үнді-ирандықтар немесе ариялықтар деп жүр. Мәселен, Шіліктіден табылған Алтын адамға жүргізген талдамадан соң, бұлардың мәдениеті ерте түркілікке жатады деген тұжырымға келдім. Ол жерден ешқандай үнді-ирандық мәдениетті таппайсыз. Кезінде Кемел Ақышев Есік қорғанынан тапқан Алтын адамға талдама жүргізгенде оның киімінен үнді-ирандық мәдениетті тапқан. Олар амалдың жоқтығынан солай айтты, өйткені заман сондай болды, әйтпесе олардың жұмысын өткізбес еді,-деді Төлеубаев.
Археолог сондай-ақ елімізде табылып жатқан Алтын адамдарға қатысты сараптама жүргізуге көптеп көңіл бөлу қажеттігін, әлемдік аренада олар біздің арғы ата-бабамыз екенін әрі біздің мәдениетке тиесілі екенін қорықпай көтеру керектігін баса айтты.