Ұлттық холдингке сауал: Сапасыз салынған үйге кім жауапты?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы арқылы салынған үйлердің "сылағы түсіп жатыр" деген халықтың көптеген арыз-шағымы келіп түсуде. Неліктен мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасы көңіл көншітпейді? Осы сапасыз құрылысқа кім жауапты? Бұл сауалды қойған BAQ.KZ тілшісіне "Бәйтерек" ұлттық холдингінің басшысы "жауапкершіліктің бәрі – әкімдіктің мойнында" деп жауап берді.
Сұрағыңызға рахмет! Бірінші сауалыңызға өзім, ал екінші сұраққа әріптесім Алтай ("Бәйтерек development" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Алтай Күздібаев – ред.) жауап берсін. Соғылып, іске қосылған үйлердің сапасы жайында айтар болсам, біз әкімдіктердің бағалы қағаздарын сатып аламыз. Оның орнына ақша, яғни қаражат береміз. Ол қаражатты әкімдіктер өздері игереді. Өздері үй салатын құрылыс компанияларды таңдап, тұрғын-үйді салады, тексереді. Сондықтан да, жауапкершіліктің бәрі – әкімшіліктің мойынында, - деп жауап берді "Бәйтерек" ұлттық холдингінің Басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев.
Ол келешекте бірыңғай оператор құрылып, салынып жатқан үйлердің сапасына жергілікті атқарушы органдар емес, сол оператор жауап беретінін айтты.
Ал, бүгінгі атап кеткен бастамаларымыз бен мониторингтік жұмыстар, оның үстіне бірыңғай операторды құрайық деп жатырмыз. Алда құрылатын оператордың бір функциясы – осы болайын деп тұр. Біз артынан барып, салынып жатқан үйлердің сапасын тексеруіміз керек. Себебі, біз келешекте әкімдіктердің емес, оператордың өзі сол үйлерді соғатын болса, онда сол оператор оның сапасына жауапты. Тексеріп, қабылдай алады, - деді спикер.
Тілшінің "жергілікті әкімдіктердің облигацияларын сатып алу тетігі арқылы 108 млрд теңгеге бағалы қағаздар сатып алынған. Яғни, соның нәтижесінде сіздер "7-20-25" және "Нұрлы жер" бағдарламасы арқылы несиелік пәтерді табыс еттіңіздер. Бұл бағалы қағаздар мен облигациялар жөнінде ашып, тарқатып айтып берсеңіз" деген екінші сауалына "Бәйтерек девелопмент" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Алтай Күздібаев жауап қатты.
Иә, былтыр, 2019 жылы сіз айтқан 108,8 млрд теңгеге облигацияны "Байтерек девелопмент" сатып алды. Облигацияның пайыздық ставкасы 0,35%. Сол 2019 жылы 633 мың шаршы метр пәтер жергілікті атқарушы органдармен тапсырылды. Ол пәтер санымен есептеген де 10 мың 580 пәтер. Сол 10 580 пәтер осы жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына және "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы бойынша несиге сатылады, - деп мәлімдеді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алтай Күздібаев.
Осылайша, биыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына және "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы бойынша 10 580 пәтер тұрғындарға берілмекші.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Асаділов Токио-2020-ның жолдамасын мерзімінен бұрын иеленді
Өзгелердің жаңалығы