Сапасыз кәріз, ластанған ауа: Ақтөбеліктер күкіртсутекпен тыныстауға мәжбүр

Ақтөбе облысының тұрғындары қоршаған ортаның ластануынан зардап шегіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы депутат Бауыржан Қаниев Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді.

Айтуынша, өңірдегі негізгі экологиялық проблемалардың бірі – ауаның күкіртсутегімен ластануы. Оған себеп – ескірген тазарту құрылыстары мен кәріз стансаларының сапасыз жұмысы деп отыр. Олар 40 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген.

Ең басты экологиялық проблемаларының бірі – Ақтөбе қаласының атмосфералық ауасының күкіртсутекпен ластануы. Облыс бойынша экология департаменті жүргізген мониторинг нәтижелеріне сәйкес, күкіртсутек шығындыларының негізгі көздері анықталды. Олардың қатарына қaлaлық кәріз желілері, кәріз тазарту имараттары және кәріз сорғы станциялары жатады. Aқтөбе қаласының кәріз тазарту имараттары 40 жыл бұрын пайдалануға берілген. Яғни атмосфераның күкіртсутекпен ластануы кәріз желілерінің ескіруі мен сәйкес келмеуінен, сондай-ақ кәріз тазарту имараттарының тиімсіз қызметінен туындап отыр, - деп атап өтті сенатор депутаттық сауалында.

Сенатор ауаны ластайтын негізгі заттардың қатарында «Қазхром» компаниясының Ақтөбе ферроқорытпа зауытын да атады. Мұнда қоршаған ортаға шекті рұқсат етілген зиянды шығарындылар нормативтері асып түседі, өндіріс және тұтыну қалдықтары дұрыс есепке алынбайды.

Сондай-ақ тағы бір экологиялық мәселе – Ақтөбе хром қосындылары зауытының іске қосылуымен тікелей байланысты Елек өзенінің ластануы.

Көтерілген мәселенің ерекше маңыздылығын ескере отырып, Үкіметтен ауаның ластануын шекті рұқсат етілген концентрация деңгейіне сәйкестендіру үшін қалалық кәріз желілерінде катализаторларды белсенді пайдалануды қамтамасыз етуді сұраймыз. Жедел түрде жаңа кәріз тазарту ғимараттарын салуды қолға алуды, міндеттемелерді орындауға қатысты өнеркәсіптік кәсіпорындарға бақылауды күшейтуді, Елек өзенін хром мен бордан тазарту бойынша тиісті іс-шараларды қабылдауды сұраймыз,- дейді депутат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы