Сапаров Алмасбек Садырбайдың ұсталғанына қатысты пікір білдірді

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайдың ұсталғанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құқыққорғау органдары не үшін ұстағандарын білетін шығар. Субсидия – бұл шығындарды өтеу. Субсидияны облыстар береді. Ауыл шаруашылығы министрлігінде тек ереже ғана қабылданады. Ал енді субсидия алатын адам өтініш берген кезде жауапкершілікті мойнына алатыны туралы астына қолын қояды. Сол себепті не үшін ұстағанына мен пікір білдіре алмаймын. Қай облыстан алды? Істі жүргізіп жатқан жақтың қызметкерлері білетін болар, - деді министр.

Сапаров субсидияны алдымен кооператив алатынын айтты. Сөзінше, кейін оны кооперативтегі адамдар алады, бірақ оларға ақша жетті ме, жетпеді ме, оған жауапты кооператив болады.

Біз оны тексеріп жатқан жоқпыз. Бізге қағаз құжат автоматты түрде түседі. Қағаздарды қараймыз. Олар жауапкершілікті мойындарына алып, бәрін дұрыс тапсырдым деп, қағазға қолдарын қояды. Ал енді оны дұрыс тапсырды ма, тапсырмады ма, тергеу органдары айтады. Тергеу органдары ақшаны қай облыстан алды, сол облысты тергеуге шақырады. Облыстың ауыл шаруашылығы басқарма басшылары, қызметкерлері жауаптарын беретін болар, - деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрі.

Ол тергеу аяқталған соң істің анық-қанығы белгілі болатынын айтты.

Бұған дейін "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайдың аса ірі мөлшерде алаяқтық әрекеті әшкереленген болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы