Сапарбаев: Жерді барынша толық және тиімді пайдалану керек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Меркі ауданына жұмыс сапары барысында корановирустық инфекцияның таралуына жол бермеуге байланысты атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Бұл жағдай өңір басшысымен кездескен жергілікті тұрғындардың санына әсер еткенмен, Бердібек Сапарбаевтың жұмыс қарқыны өз деңгейінде өрбіді. Ол 13 нысанды аралап, ауданның қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайынан барынша хабардар болды.
Бердібек Сапарбаев алдымен Ақтоған ауылындағы Тілеміс батыр атындағы №4 орта мектепке барды. Онда Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбек білім беру саласының жай-күйі туралы баяндады.
Ауданда 36 мектеп жұмыс істейді десек, оның 25-і жазда жылы дәретханалармен қамтылмақ, төртеуінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Гранитогорск ауылында жаңа оқу орны салынады. Ауданда жеке меншік балабақшалар ашу есебінен бір жастан алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз ету көрсеткіші 97,6 пайызды құраған. Білім сапасы жақсы деңгейде десек, ҰБТ-ның орташа балы 98,18-ді құраған десек, бұл тестілеуден өткен 465 түлектің 330-іне грантқа түсуге мүмкіндік берген. 33 бітіруші "Алтын белгіге" ие болды - деді ол.
Сондай-ақ, аудандағы №4 орта мектепте "Еңбек" бағдарламасы бойынша 36 миллион теңгеге шатырды жөндеу, есіктерді және терезелерді ауыстыру жұмыстары жоспарланған. Балалар "Балапан" телеарнасы арқылы берілетін сабақтар қашықтан оқуда. Білім ордасының парталары мен тақталары ескірген, су жоқ.
Биылғы жылы біз облыстың барлық мектептерінде ескі парталар мен тақталарды ауыстыруды жоспарлап отырмыз, - деді аймақ басшысы.
Одан кейін бірқатар ақтоғандықтармен кездескен аймақ басшысы оларды босқа қарап отырмауға, өз отбасы мен туған ауылдың игілігі үшін еңбек етуге шақырды.
Індет мәңгі созыла бермейді, бүгінгі күні босаңсуға, жалқаулыққа жол жоқ. Егер адамның дені сау болса ауылда жұмыс істеуге ұмтылу керек. Бұл әсіресе жастарға қатысты. Бақша өсіріңіз, өздеріңізді көкөністермен қамтамасыз етіңіз, үйлер мен көшелерді көркейтіңіз. Біз ең үлгілі ауыл бойынша байқау жарияладық. Осы байқауда жеңіске жетуге тырысыңыз, ең үздік елді мекендер міндетті түрде көтермеленетін болады. Біздің басты байлығымыз – қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштық. Оны көздің қарашығындай сақтай білейік, - деп атап өтті аймақ басшысы.
Бердібек Сапарбаев бұдан бөлек аудандағы тағы үш білім беру мекемесіне ат басын бұрды. Савва атындағы мектеппен танысу барысында ол 1870 жылы ашылған бұрынғы үш жылдық орыс-туземдік мектептің ғимаратында құрылған мұражайға арнайы барды. Онда 1907-1910 жылдары Тұрар Рысқұлов оқыған. Мұражайда ол туралы бірқатар тарихи жәдігерлер сақталған. Сондай-ақ, Темірбек Қожақеевтің, басқа да атақты меркіліктердің құрметіне арналған еске алу бұрышы ашылған.
Оқу ордасында жергілікті тұрғындармен кездесу өтті. Тұрғындардың бірі аға буынның кәсіпкерлік бастамасын қолдауға бағытталған пилоттық жоба құруды ұсынды. Ол жаңа жұмыс орындарын құра отырып, зейнеткерлер де жұмыссыздықпен күреске өз үлесін қоса алатындығын жеткізді. Аймақ басшысы бастаманың маңыздылығын тілге тиек етіп, бұл туралы ойлануға уәде берді. Бүгінде орташа өмір сүру жасы ұлғайып отырғандығы, көптеген ардагерлер әлі күнге дейін күш-қуатқа ие, әлеуетті екендігі ескерілді.
"Үміт" оқушылар сарайының ауласында тұрған "Ил-18" ұшағы өзіндік мәнге ие. Бұрын мұнда шағын кинотеатр, кафе, бейнесалон орналасқан болса, қазіргі уақытта ұшу аппараты бос тұр. Дегенмен ондағы екі кабинетті педагогтар тігін цехына айналдырған десек, онда күніне 300 данаға дейін бетперде тігілуде.
Аймақ басшысы оларға игілікті істері үшін алғысын білдіріп, сарай директоры Зауре Бейсенбаеваға Азаматтық авиацияның есептен шығарылған аталған нысанын тиімді пайдалуды ұсынды.
Ойтал ауылында орналасқан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаңғыртудан өткен күрес залдары, таэквондо, үстел теннисі, футбол көгалдарымен көз тартады. Мұнда армрестлингтен әлем чемпионы Жарқынай Рахымбаева, еркін күрестен және басқа да жекпе-жектен Азия чемпиондары жаттығуда.
127 адам еңбек ететін Меркі ірімшік зауыты аудандағы ірі кәсіпорындардың бірі болып табылады. Өндіріс бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өнім көлемі 422 тоннадан 462 тоннаға дейін арттырған. Алайда бұл максималды көрсеткіш емес, өйткені зауыт өзінің жүктемесінің небары 55-60 пайызында ғана жұмыс істеуде. Бүгінде зауыттағы желілерді жаңғыртуға 300 миллион теңге қаражат қажет, сонда ғана кәсіпорын толық жүктемесіне шыға алмақ. Сатып алушылар аз емес, әсіресе ресейліктер Мерке ірімшіктері мен йогурттарына қызығушылық танытуда. Директор Дастан Айтуленовтың айтуынша, оларға сүті көп ірі бірлестіктермен жұмыс істеу тиімдірек, олардың сапасы ұсақ шаруашылықтарға қарағанда жоғары.
Аймақтағы тағы бір ірі кәсіпорын - "Мерке ет" ЖШС-нің Мерке ет комбинатында шикізаттың жетіспеушілігі туындауда. Кәсіпорында 4 мың қой мен 800 бас ірі қара бар. Директор Берік Егембердиевтің айтуынша, шұғыл түрде кемінде 50 мың қойдан тұратын мал қорын жасақтау керек, бірақ оларды қайдан алу керектігіне қатысты сұрақ туындауда. Кеше ғана меркіліктер Дубайға 60 тонна қой етін жіберген. Арабтар ұшақтарды жолаушыларсыз жөнелтіп, екі жаққа да ұшу ақысын төлеп отыр. Олардың жамбылдық етке қызығушылығы жоғары.
"Ар-Ас" шаруа қожалығы асыл тұқымды жылқы шаруашылығымен айналысуда, үш айға мерзімде сақтауға болатын бөтелкедегі қымыз шығаруда. Шаруа қожалығының басшысы Мақсұт Несіпбаевтың айтуынша, шаруашылық неміс технологияларын пайдаланады, ондағы барлық процесс автоматтандырылған. Шаруашылық құрғақ қымыз шығару ісін бастауды жоспарлауда. Алайда, ол идеяны жүзеге асыру үшін үлкен қаражат қажет. Жалпы, "Ар-Ас" ШҚ аяққа нық тұрып, өзінің дамуын оң жолға қойып алған дей аламыз.
Өңір басшысы "Сыпатай батыр" ЖШС-не де арнай барды. Онда өңірдегі қызылша шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Шаруашылықта 6,5 мың гектар жер бар десек, оның үш мыңы – егістік алқап. Шаруа қожалығының басшысы Қанат Шайхиевтің айтуынша, қызылшаға 200 гектар жер бөлінген. Өткен жылы әр гектардан 861 центнер тәтті өнім жиналыпты. Қызылша өсіруші шығынға ұшырамас үшін француздық элиталық тұқымдарды, "ЕвроХим" ЖШС-нен ең жақсы минералды тыңайтқыштарды. Ол өз нәтижесі көп ұзамай-ақ беруде. Сондай-ақ, Қанат Шайхиев тәулігіне 80 гектарға дейін арамшөп шығара алатын құрылғымен таныстырды.
Бердібек Сапарбаев Меркі ауданының тұқым қорының 10 пайызын құрайтын төртінші репродукциялы тұқымдардан бас тарту қажеттігін атап өтті.
Емдеу мекемесінің бұрыңғы басшысы салғырттық пен рушылдыққа қатысты айыпталып, жұмыстан босатылғаннан кейін, жергілікті емхана мен ауруханаға бір бас дәрігер тағайындалған.
Жас дәрігерлермен кездескен Бердібек Сапарбаев аудан басшысы Мейірхан Өмірбекке қажетті құжаттарды жинап, сала мамандарына тұрғын үй алуға көмектесуді тапсырды. Сонымен қатар, ол шындықты жайып салғандардың ешқандай қудалауға ұшырамауы тиіс екендігін атап өтті. Бүгінде жас мамандарға тұрғын үймен қамту мәселесі өзекті болып отыр.
Өңір басшысы дәрігерлерді ұжымдағы жақсы аураны сақтауға шақырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы 1983 жылы салынған ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін, ЖСҚ дайындау ісі қолға алынғандығын хабарлады. Қазіргі уақытта стационарда 78 науқас ем алуда.
Облыс әкімі әр аудандағы ауыл тұрғындарының кірісін арттыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылатын ауылдық округтерге барып, жұмыстармен танысуды әдетке айналдырған. Мұндағы Сұрат ауылдық округінде "Даму Сұрат" кооперативі құрылып, оған 19 бірлік техника сатып алынып, 135 кооператив мүшелеріне жер телімдерін өңдеуге көмектесуде. Алайда, оның өз жерінің жоқтығын Бердібек Сапарбаев сынға алды. Дегенмен, нәтижелі жұмыстар да жоқ емес. Пилоттық жоба басталғаннан кейін АӘК алушылар саны 85 пайызға қысқарған. Жоба аясында тиімді пайызбен 158 адам несие қол жеткізіп, 2385 бас мал сатып алынған.
Облыс әкімі ауыл тұрғындарына малдарды еліміздің басқа аймақтарынан сатып алу қажеттігін тағы да еске салды. Бұдан соң ол өз бизнесін бастаған Қарақат Сатымбаеваның жылыжай жұмысымен танысты.
Ақарал ауылының тұрғыны Елдар Селимшаев бірнеше жыл Алматы облысындағы Чунджа ауылында шаруашылықтарда жұмыс істеп, жылыжай ісінде айтарлықтай тәжірибе жинаған. Тәжірибе маман өткен жылы несие алып, бес соттық жерге жылыжай салған. Енді жылына үш рет қияр жинап, бір келісін 280 теңгеден сатуды жоспарлап отыр. Ол жер мәселесі шешілсе, жылыжай көлемін кеңейтуге ниетті. Облыс әкімі аудан басшысына жылыжай иесіне жан-жақты қолдау көрсетуді, соның ішінде жер бөлу жөнінде тапсырма берді.
Аудандағы жұмыс сапары барысында Бердібек Сапарбаев Мерке ауылының батыс жағындағы кіре берісте орналасқан №1 блокпостың қызметімен танысты. Мұнда 12 адам жұмыс істеуде, оның ішінде полицейлер, СЭС, ауыл әкімшілігінің қызметкерлері және медицина қызметкерлері бар. Блокпост дене қызуының жоғарылауы байқалған адамдарға арналған оқшаулағышпен қамтылған. Дегенмен, әлі ондай дерек тіркелмеген.
Аудан активімен кездесуде Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарын қорытындылап, барынша пайдаланылмай отырған Меркі ауданының жоғары әлеуетін атап өтті. Ауданның жері құнарлы. Облыс әкімінің болжамы бойынша ағымдағы жылы суармалы су мәселесі болмайды.
Өңір басшысы жыл сайын егіс алқабын кем дегенде 10 пайызға ұлғайтып отыруды тапсырды.
Кеңесті қорытындылай келе, облыс әкімі өз-өзін жұмыспен қамтығандар санының қысқаруына назар аударуды. Жастардың ауылдан кетуінің себептерін анықтауды, елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бойынша жұмыстармен айналысуды талап етті.
Жерді барынша толық және тиімді пайдалану, оның құнарлылығын, дақылдардың өнімділігін және тұқым сапасын арттыру қажет. Әлі күнге дейін шаруашылықтарды ірілендіру мәселесі шешілмей келеді. Бұл орайда ауылдық округ әкімдері тарапынан шаруаларға мемлекеттік бағдарламалардың артықшылықтарын түсіндіру бойынша жұмыстар әлсіз жүргізілуде. Алты айдың қорытындысы бойынша аудан әкімдері ауыл тұрғындарының табыстарын арттыру бойынша пилоттық жобаның барысы туралы есеп береді. Соған сәйкес олардың ұйымдастырушылық қабілеттері бағаланатын болады, - деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.