Сапарбаев жұмыс сапарымен Атырау облысына барды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Атырау облысында болып қайтты, деп хабарлады primeminister.kz.
Жұмыс сапары аясында ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңір жұртшылығымен кездесті. Вице-премьер өз сөзінде ел президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы қойылған міндеттерді шешуге бағытталған шаралар туралы баяндады.
Негізгі мақсаттардың бірі - отандастарымыздың өмір сүру деңгейін көтеру. Жыл сайын әлеуметтік саланы қаржыландыру өсіп келеді. Ағымдағы жылы мемлекет бюджетінің 45% денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен спорт салаларын қаржыландыруға жұмсалды. Тағы бір маңызды мақсат - жалақы деңгейін көтеру. Бұл мәселе Үкіметтің жыл сайынғы күн тәртібінен түспей келеді.
"Аз қамтылған, көп балалы отбасыларды қолдау күн тәртібінен түспейді. Осы санаттағы отандастарымызды қолдау үшін бүгінде бюджеттен 147 млрд теңге бөлінген. Бұл бағытта 2 млн адам қамтылды", - деді Бердібек Сапарбаев.
Осындай отбасыларға өз ісін ашып, әлеуметтік жағдайын жақсартып алу үшін мемлекет барлық жағдайларды жасақтауда. Есептеулер бойынша, 8 мыңға жуық адам өз ісін бастап, 7 мың адам атаулы әлеуметтік көмекті жеке шаруашылығын дамытуға жұмсаған. 3,5 мыңға жуық көп балалы отбасы гранттар алды. Бұл да әлеуметтік жағдайды дұрыстап, қоғамдағы ахуалды ретке келтіруге септігін тигізеді..
Б. Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмек беру туралы айта келіп, қолдау көрсету масылдық пиғылдың өршуіне соқтырмау керектігін де атап өтті. Сонымен қатар, дарынды балаларды қолдау картасы мен 2030 жылға дейін жасақталған балалардың мүддесіне арналған Қазақстан Республикасының саясаты туралы тұжырымдамасы жөнінде де бөлек әңгіме қаузады.
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға қаржылық салмақты азайтуға бағытталған біраз шаруа атқарылды. 500 мың отандасымыздың тұтыну несиелері азайтылды.
Азаматтық қоғамды дамыту да өзекті тақырыптардың бірі. Сапарбаевтың сөзіне қарағанда, екі тұжырымдама әзірленіп жатыр: бірі - "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" және 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамыту. Бұл құжаттар жылдың соңына дейін дайын болуы керек.
"Мемлекеттік қызметкерлер өз жұртшылығына елеңдеуі керек. Азаматтардың бірде-бір өтініші мен шағымы қараусыз немесе жауапсыз қалмауы тиіс", - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Ол білім беру саласындағы, педагогтардың құқығын қорғау жөніндегі атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті.Материалдық жағдайларының жақсаруына, жалақының өсуіне де қатысты бірқатар жұмыстар жалғасын тауып келеді.
"Біз де дарынды балалар өте көп. Бұл – елдің болашағы! Оларды қолдауымыз керек", - деді өз сөзінде Бердібек Сапарбаев.
ңірде ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Атырау облыстық перинаталдық орталығында болып, медицина мекемесінің ұжымымен кездесу өткізді.Бердібек Сапарбаев Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиевадан және қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысынан өңірдегі сәби өлімінің жоғары болуы себептеріне түсінік беруді өтінді.
"Бала мен ана өлімінің мәселесі күн тәртібіндегі қатаң бақылаудағы өзекті мәселе. Жағдай мүлдем ушығып кетті деуге болмас. Тоқсан сайын орталықтың мамандары отандық және шетелдік медицина саласының білікті қызметкерлерінен дәріс алып келеді. Мысалы, осы жылдың шілде айында 13 дәрігер-неонатолог Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық орталықтардың бірінен біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Сонымен қатар, кәсіби шыңдалу үшін перинаталды орталықтың дәрігерлері Литва қаласындағы оқуға барады. Биылдың өзінде орталықтың қондырғылармен жабдықталуы үшін 600 млн теңге бөлінді", - деді Мәншүк Аймұрзиева.
Айта кетейік, қаңтар-қазан айлары аралығында Атырау облысында 12 403 бала дүниеге келген, осылайша, соңғы екі жылдағы туу көрсеткіші 500 сәбиге дейін өскен.
Қалыптасқан жағдайды оңтайландыру үшін Бердібек Сапарбаев шұғыл шараларды қолға алуды тапсырды.
Бұдан соң, вице-премьер перинаталды орталықтың қызметкеріне мәлімдеме жасады.
"Сіздер Гиппократ антын бердіңіздер, сондықтан, бір минутқа да өз жұмыстарыңызды тастауға, адамдарды емдеуді тоқтатуға болмайды! Өз қызметтеріңізді адал атқаруларыңызды өтінеміз. Перинаталды орталықтағы жағдайды жеке қатаң бақылауға алуды Атырау облысының басшылығына тапсырамын. Оның ішінде, медициналық мекемедегі анықталған кемшіліктерді жою керек. Қылмыстық істі тергеу заң талаптарына сай жүргізіледі, жұмыс барысына кедергі келтірмейді", - деді Бердібек Сапарбаев медицина саласының қызметкерлеріне.
Сонымен қатар, вице-премьер орын алған жағдайға байланысты денсаулық сақтау басқармасы және қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшыларын жауапкершілікке тарту мәселесін қарауды тапсырды.Халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері облыстық аурухананы аралау барысында жалғасты. Мұнда Бердібек Сапарбаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесіне қатысты кеңес өткізді.
Вице-премьердің сөзіне қарағанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізумен қатар, көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру да маңызды.
"Елбасы мен Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласы қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын көтеруге қатысты нақты тапсырмалар берді. Бұл жерде басты назарды “Дипломмен ауылға!” бағдарламасына аудару керек, өйткені, медицина саласы ең алдымен ауылдық жерде ақсап отыр. Жас мамандарға баспана мен жалақыдан бастап, барлық жағдайлар жасалуы керек", - деді Сапарбаев Атырау облысы басшылығына назар аударып.
"Өз кезегінде жұмыс берушілер сақтандырудан жалтармауы тиіс. Оны белсенді түрде енгізу керек, сапалы медициналық көмек алатынын әр қазақстандық анық сезінуі тиіс", - деп қорытындылады өз сөзін Сапарбаев.
Кеңес қорытындысы бойынша Бердібек Сапарбаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге арналған жұмыстарды үдете түсіп, тұрғындар мәртебесін нақтылау, оны ақпараттандыру жұмыстарын жалғастыра беруді тапсырды.
Айта кету керек, сондай-ақ, Атырауда Сапарбаев "Көрпе Fest" фестиваліне қатысты. Фестивальдың мақсаты - ұлттық өнерді насихаттау, әлемге қолөнердің бәсекеге қабілеттілігін көрсету, қазақстандық қолөнер кәсібін дамыту. Фестиваль аясында көп балалы, аз қамтылған, жұмыссыз әйелдер үшін дәстүрлі қолөнер бойынша үш күндік тегін шеберлік сыныптары өткізілді. Конкурс қорытындысы бойынша 25 үздік қатысушыға тігін машиналары сыйға тартылды.
"7-8 балалы аналардың ұлттық қолөнердің арқасында өз еңбектерімен табыс тауып отырғандарының куәсі болдық, олардың көпшілігі атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж емес. Қолөнер курсынан өткен әйелдер өз істерін ашып жатыр, уақыт өте келе отбасылық бизнестеріне айналдыруда. Бұл керемет. Біріншіден, олар ұлттық салт-дәстүрді сақтап, ұрпақтарына табыстайды, екіншіден, табыс тауып, жолдастарына көмектеседі, бұл үлкен еңбек", - деді премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев.
Фестиваль аясында ұлттық өнерді қолдайтын әйел-кәсіпкерлерді марапаттау салтанаты өтті. Ерекше көрінген қатысушыларға естелік сыйлықтар берілді."Мен жеті баланың анасымын, өткен жылы курсты аяқтап, тапсырыспен құрақ көрпе тіге бастадым. Қазір осы бастамам отбасылық бизнеске айналды, келіндеріммен шағын цех аштық. Мен АӘК-ке мұқтаж емеспін және осы арқылы табыс тауып отырғанымды мақтан етемін", - деді премьер-министрдің орынбасарына Исатай ауданының тұрғыны Жанар Қадырова.
Осындай фестивальдерді республика бойынша өткізу жоспарда бар.