Сапарбаев: Талас өзенінің суын тиімді пайдалану үшін арнайы кесте бекітіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Сарысу ауданына барып, бірқатар нысандардың жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен, жұмысшылармен кездесті, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы алдымен Байқадам ауылдық округіндегі «Ынтымақ» шаруа қожалығына ат басын бұрды. 1995 жылы құрылған қожалықта  қазіргі таңда 910 бас қой, 17 бас мүйізді ірі қара, 82 бас жылқы және 100-ге жуық түйе бар. Сонымен қатар, 2 МТЗ тракторы, 2 комбайн, 1 арнайы жүк көлігі қожалықтың жұмысын жандандыруға өз септігін тигізуде. Қожалық төрағасы Жақсыгелді Иманбаев алдағы уақытта асыл тұқымды мал басын көбейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Бүгінде біздің қожалықта 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың ай сайынғы жалақысы 100 мың теңге көлемінде. Дәл қазір біздегі қойлардың  50 пайызы асылдандырылған, алдағы уақытта олардың санын арттыруға ниеттіміз, - деді ол.

Облыс әкімінің жергілікті шаруалармен кездесуінде бірқатар мәселелер көтерілді десек, олардың негізгісі суармалы суға қатысты болды.

Бүгінде Талас өзенінің суын Талас және Сарысу аудандары тиімді пайдалану үшін жұмыстар атқарылуда. Ол үшін арнайы кесте жасалады. Сол кестеге сәйкес, шаруалар суды рет-ретімен алатын болады. Сондай-ақ, аудан әкіміне «ҚазСуШар» мекемесімен жүйелі жұмыс істеуді тапсырамын. Шаруалар да каналдарды асарлатып тазалау жұмыстарын жүргізуге атсалысу қажет, - деді Б.Сапарбаев.

Бұдан соң аймақ басшысы Тасарық каналына барып, жай-күйімен танысты. Өткен жылы бұл каналдың 15 шақырымына механикалық реттеу жұмыстары жүргізілген. Аталған канал «Су арналарын автоматтандыру бойынша 5 жылдық жоспарға сәйкес ағымдағы жылы іске асырылатын жобалар тізіміне енген.

Іргетасы 1972 жылы қаланған Саудакент ауылындағы мәдениет үйі өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 166,8 миллион  теңгеге күрделі жөндеуден өткен. Бүгінгі күні мұнда 31 адам қызмет етеді. Мәдинет ошағында болған облыс басшысы орындалған жұмыстардың сапасын тексерді.

Қазіргі таңда ресейлік «Еврохим-Тыңайтқыш» компаниясы аудан аумағында минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт құрылысын жүргізуде. Бұл орайда салынатын инвестиция көлемі  1 миллиард АҚШ долларын құраса, жоба жүзеге асқанда 900-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Өндіріс орнының ұжымымен жүздескен Бердібек Сапарбаев ағымдағы жылы жүзеге асатын «Жаңарған Жаңатас» жобасына ерекше тоқталып, оған осындай ірі зауыт басшылығының да қолдау білдіріп, атсалысуы аса маңызды екенін баса айтты.

Былтыр «Таразға тарту» жобасы аясында облыс орталығында көпшіліктің көңілінен шыққан ілкімді істер атқарылды. Ал биыл «Жаңарған Жаңатас» жобасын іске асыруды мақсат етіп отырмыз. Осыған байланысты, өндіріс орнының басшылығын игі іске атсалысуға шақырамыз. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өздеріңіздің қалаларыңызға деген көрсеткен құрметтеріңіз болар еді, - деді облыс әкімі.

Кездесу барысында зауыт қызметкерлерінің коронавирус індетіне қарсы екпе алуы да сөз болды. Аймақ басшысы қалыпты өмірге қайта оралудың бірден-бір жолы – вакцинация екенін еске салды.

Бердібек Сапарбаев жұмыс сапары аудан активімен өткен жиында қорытындыланды. Басқосуда аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Ауданда атқарылып жатқан істерге қанағаттанарлық деген баға берген облыс әкімі мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіншілігін тиімді пайдалану керектігін, үлкендер жағы жастар тәрбиесіне айрықша көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы