Сапарбаев: Статистикамен жұмыс істеңіздер
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте алдымен коронавирустың алдын алу шаралары, вакцинация жұмыстарының барысы қаралды.
Аймақ басшысы науқастардың саны азайғанымен, олардыішінде оқуашылардың көрсеткіші көбейіп жатқанына назар аударды. Бүгінге дейін 146 оқушы дерт жұқтырған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, бүгінде дейін облыста 19480 адам КВИ-ға шалдыққан. Олардың 94,2 пайызы сауығып шыққан. Соңғы тәулікте 55 адам ауырған. Қазіргі таңда 1135 науқас ем қабылдауда.
Аймақ басшысы жағдай жақсарды, облыс «Жасыл» аймаққа өтті деп қарап отыруға болмайтынын, кез-келген жағдайға дайын болу керектігін ескертті.
Басқарма басшысы, жағдай қайта күрделене түссе, Қордай, Меркі аудандарынан қосымша оттегі станциясын ашу қажеттігін айтып өтті.
Сондай-ақ, дезинфекция шараларын жалғастыра түсу маңызды. Мектептердегі санитарлық талаптардың сақталуына да айрықша ден қойыңыздар. Айдың соңына дейін вакцинация көрсеткішін 90 пайызға жеткізуге тиіспіз, сол бойынша жұмысты күшейту қажет,-деген Бердібек Сапарбаев тұрғындарды екпемен қамту шараларындағы жұмысы сылбыр аудан басшыларын сынға алды.
Басқасудың күн тәртібіндегі екінші мәселеге сәйкес, ағымдағы жылдың 8 айдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің орындалуы мен бюджет қаражаттарының игерілуі және тоғыз айдың болжамды көрсеткіштері сараланды.
Есепті кезеңде облыстың экономикалық өсімі 105,3 пайызды құрады. Ал, осы орайдағы республикалық көрсеткіш 103,6 пайыз. Бұл туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндады.
Өнеркәсіп саласындағы өсім 6,2 пайызға, ауыл шаруашылығы – 1,0 пайызға, құрылыс – 11,3 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй – 6,0 пайызға, инвестиция көлемі - 20,2 пайызға, сауда – 4,4 пайызға артты. Көлік және қоймалау саласында көрсеткіш өткен жылдың тиісті деңгейімен салыстырғанда 4,5 пайызға артты,-деді Г. Жауынбекова.
Сондай-ақ, халықтың жан басына шаққандағы номиналды ақшалай табысы биылғы бірінші тоқсанда 89,4 мың теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда атаулы көріністе 17,2 пайызға артқан. Ал, орташа айлық жалақы екінші тоқсан бойынша 203,8 мың теңгені құрап, атаулы көріністе 25,8 пайызға өскен.
Екінші болып сөз алған қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиевтің айтуынша, бірінші қыркүйектегі жағдай бойынша облыс бюджетінің кірістері 296,7 млрд теңгеге немесе 104,8 пайызға орындалған.
Сонымен қатар, меншікті кірістер 64,7 миллиард теңгеге немесе 126,7 пайызға атқарылды. Бұл – облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың ішінде 3-ші көрсеткіш екенін айта кету керек.
Меншікті кірістер жоспары жергілікті бюджеттердің барлығында артығымен орындалып отыр. Облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 299,9 миллиард теңгеге немесе 99,7 пайызға игерілді. Бұл көрсеткіш облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың ішіндегі 2-ші көрсеткіш болып табылады,- деді басқарма басшысы.
Жиынды қорытындылыған облыс әкімі осы бағыттағы жұмыстарды қарқынды түрде жалғастыру керектігін жеткізді.
Сегіз айдың қорытындысы бойынша нәтиже жаман емес. Жалпы, экономикалық өсім бойынша республикада екінші орындамыз. Дегенмен, біз облыстың әлеуетін әлі де толығымен пайдалана алмай отырмыз. Тоғыз ай, жылдық қорытындымен де барлық көрсеткіштер бойынша республикалық мәннен төмен болмауымыз керек. Ол үшін күнделікті бақылап, саралап отырыңыздар. Статистикамен жұмыс жасаңыздар. Қаржы толығымен игерілуі тиіс, - деді Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп.